Атырауда 12 жастағы қызға интернет арқылы қысым көрсеткен ер адамға қатысты іс тергеліп жатыр

16.03.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Сурет: Polisia.kz

Ересек азамат жасөспірімнің атынан ашылған аккаунт арқылы қыздан ашық видеолар талап етіп, қолындағы суреттерді таратамын деп қорқытқан.

Белгілі болғандай, қыз «Дайвинчик» атты танысу сервисінде «Аза» есімді қолданушымен танысқан. Анкетада жасы 15–18 деп көрсетілгенімен, шын мәнінде ол ересек ер адам болып шыққан.

Хат алмасу барысында ер адам қыздан ашық видеолар жіберуді талап ете бастаған. Қыз бас тартқанда, ол қолындағы суреттерді жариялаймын деп қорқытып, жаңа материалдар алуға тырысқан. Бұл жағдай баланың психикасына қатты әсер етіп, ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Абырой болғанда, анасына аудио хабарлама жіберіп, ойындағысын айтқан соң, оқиғаның алдын алуға мүмкіндік туды.

Анасы полицияға барып, барлық жазысқан хаттарды, қоқан-лоққыларды, суреттер мен видеоларды тапсырған. Бірақ бастапқыда полиция интернет арқылы қолданушыны анықтау мүмкін емес деп, арызды қабылдамаған.

Содан кейін әйел өзі әрекетке көшкен. Сол әлеуметтік желіде 13 жастағы қыз болып тіркеліп, «Аза» есімді аккаунтты тапқан. Хат алмасуда ер адам кешке кездесуді ұсынған.

Кездесуге әйелдің туысы барған. Жолда такси жүргізушісі жағдайды біліп, көмектесуге келісіпті. Кездесу орнына бала емес, ересек әйел келгенде ер адам қашпақ болған. Жүргізуші оны қуып жетіп, полиция шақырған.

«Ақ Жайық» редакциясы Атырау облыстық полиция басқармасынан түсініктеме сұрады. Баспасөз қызметі арыздың қабылданғанын, қылмыстық істің тіркелгенін және тергеу аяқталған соң сотқа жіберілетінін хабарлады.

Полиция арызды қабылдап, іс тіркелгенін хабарлады. Қазір тергеу аяқталған соң іс сотқа жіберіледі.

Облыстық сотта істің материалдары қосымша тергеу жүргізу мәселесін шешу үшін прокурорға қайтарылғаны нақтыланды.

Атырау облысының прокуратурасы оқиғаның болғанын растады. Олардың дерегінше, жағдай 2025 жылдың наурыз айында орын алған. Қала тұрғыны Telegram арқылы 2012 жылы туған кәмелетке толмаған қызға сексуалдық сипаттағы хабарламалар жіберген.

— Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 121-1-бабы бойынша іс қозғалды. Тергеу барысында телефоннан хат-хабар скриншоттары алынып, басқа да дәлелдер жиналды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің басқа деректері жарияланбайды, — деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 11:26

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью