Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Цифрландырылған деректер «E-museum» веб-порталы мен АИС «SAQTAU» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы музей қорының мемлекеттік каталогына енгізілген. Мамандардың айтуынша, бұл бастама музей қорындағы құнды жәдігерлерді заманауи форматта сақтауға және ғылыми айналымға кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.Музей қорының меңгерушісі Меңсұлу Наурызбаеваның айтуынша, қазіргі таңда этнографиялық, археологиялық, нумизматикалық және өзге де коллекциялар жоғары сапалы фотосуретке түсіріліп, 3D форматта цифрландырылуда.
– Әрбір экспонаттың инвентарлық нөмірі, ғылыми сипаттамасы, өлшемдері мен сақталу күйі толық көрсетіледі. Көрермендер бұл жәдігерлерді музейдің ресми сайтынан, сондай-ақ залдарда орнатылған сенсорлық экрандар арқылы тамашалай алады, – дейді ол.
Фото atyrau-museum.kz сайтынан
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында бүгінде 65 мыңнан астам тарихи жәдігер сақталған. Соның ішінде 5100-ден астамы цифрлық форматқа көшірілген. Алдағы уақытта аудан орталықтарындағы музейлер де кезең-кезеңімен осы жүйеге қосылады. Жыл соңына дейін тағы 9 музей цифрландырылып, электронды қор 12 500 жәдігермен толықпақ.
Музей залдарында орнатылған голограммалар арқылы көрермендер экспонаттарды 360 градус форматта жан-жақты көре алады. Ал «Алтын Орда» залында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы бейнеэкскурсиялар ұсынылған.
Мамандардың айтуынша, цифрландыру музей қорын сақтаудың тиімді тетігіне айналып қана қоймай, тарихи-мәдени құндылықтарды ғылыми зерттеу мен көрме жұмыстарына кеңінен пайдалануға жол ашады.
Айта кетейік, Оралдағы Мәншүк Мәметова музейі жаңа жәдігерлермен толықтырылды.