Arasha.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Атырауда «Алтын белгі» төсбелгісіне ие бола алмаған үздік оқушылар шенеуніктермен соттасып, жеңіске жетті, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Атырау облысындағы орта мектептердің бірінің екі түлегі оқуды үздік аяқтап, тиісті үлгідегі аттестат алған. Соған қарамастан, білім басқармасының комиссиясы мұғалімдердің бағаны түзеткеніне сілтеме жасап, оларға «Алтын белгі» беруден бас тартқан. Мектеп түлектерінің заңды өкілдері бұл шешімге қарсы сотқа шағым түсірді. (...) Сот комиссияның педагогтар түзеткен бағаларға негізделген шешімін заң талаптарына қайшы деп танып, түлектерге қатысты комиссия отырысының даулы хаттамасының күшін жойды. Сондай-ақ білім басқармасына «Алтын белгі» беру мәселесін қайта қарауды міндеттеді», - деп хабарлады сәрсенбі күні Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот іс материалдарын қарап, мынадай тұжырымдар жасады:
Биылғы түлектер 5-сыныптан 11-сыныпқа дейін барлық пәннен тоқсандық, жылдық және қорытынды бағалары «үздік» болған, сондай-ақ қорытынды аттестаттаудан сәтті өткен. Бұл «Алтын белгі» алу талаптарына толық сәйкес келеді;
Баға қою, оны өзгерту және түзету тек педагогтардың құзыреті мен жауапкершілігіне жатады. Сондықтан мұғалімдер тарапынан кеткен ықтимал қателіктер немесе процессуалдық бұзушылықтар үшін оқушылар зардап шекпеуі тиіс;
Білім басқармасы әкімшілік сот ісін жүргізудің негізгі принциптерін, соның ішінде сенім құқығын қорғау, әділдік және сәйкестік принциптерін бұзған. Себебі оқушылардың еш кінәсі болмаса да, теріс салдарлар олардың мойнына жүктелген.
«Сонымен қатар сот Білім және ғылым министрінің бұйрығына сүйенді. Оған сәйкес, модерация процедурасы тек оқушының үлгерімін бағалауда даулы мәселелер туындаған жағдайда ғана қолданылады. Бұл істе мұндай даулы сәттер болмаған, демек білім басқармасының модерация өткізу туралы талабы негізсіз және белгіленген процедурадан тыс», - деп түсіндірді соттағылар.
Сот шешімі заңды күшіне енді.