Azh.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының қолдауымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай қыздар арасында марафон өтті.
Марафонды , «Run Club Atyrau» клубы ұйымдастырды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңірде алғаш рет өткізілген додаға 250 қатысушы тіркеліп, 3–5 шақырым қашықтықта өз мүмкіндіктерін сынады. Сондай-ақ қатысушылар екі жас санаты бойынша бақ сынады: 35 жасқа дейінгі және 35 жастан жоғары нәзік жандылар.
Жарысқа еліміздің әр өңірінен қатысушылар жиналды. Орал және Ақтау қалаларынан келген қонақтармен қатар, Исатай және Жылыой аудандарынан да көптеген қыздар белсенді түрде қатысты. Сонымен қатар қаламызда еңбек етіп жүрген өзге ұлт өкілдері де жарысқа қатысып, спорт арқылы достық пен бірліктің үлгісін көрсетті.
Ұйымдастырушы, «Run Club Atyrau» клубының негізін қалаушысы Гаухар Бекетаева жарыстың басты мақсатын атап өтті:
– Басты мақсатымыздың бірі – қыздардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Біз осы үдерістің көшбасшысы екенімізді мақтан тұтамыз. Жарыс туралы жарияланған күннен бастап қызығушылық танытқан нәзік жандылар көп болды. Бұл бізге үлкен шабыт берді. Осындай спорттық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді ол.
Екі жас санатының нәтижесі бойынша 3 шақырымдық қашықтықта Гүлмира Қайырбекқызы мен Альфия Мухитденова жеңімпаз атанса, 5 шақырымдық жарыста Ақкенже Таубаева мен Аружан Семғалиева мәре сызығын бірінші болып кесті.
– Керемет әсердемін. Жайық жағасындағы жарыс жолымен жүгіру ерекше әсер сыйлады. Қатысушылар өздерінің жылдамдығы мен төзімділігін көрсетіп, жарыс тартысты әрі қызықты өтті. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – деді жеңімпаз А. Семғалиева.
Жарыс барысында қатысушыларға гүл шоқтары табысталып, арнайы лотерея ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ойнатылды.
Бүгін, 11:02