Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
27 сәуірден 28-іне қараған түні Атырау қаласындағы бірнеше ойын клубына Қорғаныс департаменті мен полиция қызметкерлері кірген.
Куәгердің айтуынша, әскерге шақырылу жасындағы жастарды залдан шығарып, қызметтік көлікке отырғызып, әскери комиссариатқа жеткізген. Оның сөзінше, не себептен мұндай шара жасалып жатқанын ешкім түсіндірмеген, ал қарсылық білдіруге мүмкіндік берілмеген. Ол сондай-ақ жеткізілгендердің бір бөлігінің ұялы телефондарын уақытша алып қойғанын айтты.
Атырау облысының Қорғаныс департаменті бұл әрекеттерді «Көктем-2026» әскер қатарына шақыру науқаны аясындағы жоспарлы іс-шаралар деп түсіндірді. Ведомствоның хабарлауынша, әскерге шақырылу жасындағы азаматтардың әскери есеп деректерін нақтылау жүргізіліп жатыр.
— Азаматтарды жинау пунктіне жеткізу заңнамада белгіленген тәртіппен тек деректерді нақтылау және тиісті рәсімдерден өткізу үшін жүзеге асырылады. Барлық іс-шаралар уәкілетті органдардың үйлестіруімен және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында жүргізіледі, — делінген департаменттің ресми түсіндірмесінде.
Полиция да шараға қатысқанын растап, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз еткенін хабарлады.
Айгүл МАНСУРОВА
Бүгін, 15:12