Атырауда ауа құрамында күкіртсутек шекті мөлшерден 36 есе асып кеткен

25.01.2026

Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Нақтырақ айтқанда, бүгін Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылында бұл көрсеткіш 17,5 есе, Тасқала ауылына іргелес аумақта 15,0 есе, ал Химпосёлок ауданында 36,3 есе артық тіркелген. Бұл туралы Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы хабарлады.

Кезекші топтың кестесіне сәйкес және қала тұрғындарының ауа сапасына қатысты өтініштеріне байланысты Атырау облысы бойынша «Қазгидромет» РМК филиалының мамандары атмосфералық ауаның сапасын өлшеу мақсатында сынама алу жұмыстарын ұйымдастырған.

Мониторинг төмендегі аумақтарда жүргізілді:

Кенөзек ауылдық округіне қарасты Тасқала ауылы; Тасқала ауылына іргелес аумақ; Химпосёлок ауданы.

Айта кетейік, аталған елді мекендер Атырау мұнай өңдеу зауытының маңында орналасқан.

— Сынама алу кезеңінде желдің бағыты солтүстік–солтүстік-шығыс, ауа температурасы –9 градус, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 81 пайызды құраған. Аталған ақпарат қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдау үшін барлық уәкілетті мемлекеттік органға жолданады, — делінген ресми мәлімдемеде.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Бүгін Кеңөзек ауылдық округіне қарасты саяжай тұрғындары 23 қаңтардан бастап ауа құрамында күкіртсутектің шамадан тыс болып, ауыл азаматтары жаппай ауырып жатқанын айтты. Әсіресе, түнгі уақытта иістің өткірлігі күшейген. Салдарынан далаға шығу мұң болып қалған.

— АМӨЗ-ден шыққан иіс бізді ауру қылып отыр. Үлкендерде қан қысымы көтерілсе, балалар эпилепсия, сүйек ауруына шалдығып жатыр. Осы уақытқа дейін мен Махамбет ауданында тұрдым. Ол кезде балаларым сап-сау болды. Соңғы 4-5 күннен бері мазамыз кетті. Үйден шыға алмай қалдық, терезе де аша алмаймыз. Бүгін сыртқа шыққан бойда көзім жасаурап, жүре алмадым. Зауыт әр аптаның жұмасынан дүйсенбі сағат 07:00–ге дейін ауаға шығарындарынды шамадан тыс көп жібереді, — деді саяжай тұрғыны Гүлнәр Молдағалиева.

Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі кәсіпорынның зертханасы тұрғындар айтқан аумақтан сынама алып, зерттеу жұмысына кіріскенін, оның қорытындысын қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, қазір Атырау қаласындағы ауа сапасын бақылау бойынша жұмыс тобы қызмет етеді. Олар күн сайын кезекшілік бойынша талдау жүргізеді. Жұмыс тобының құрамында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Атырау облысы бойынша «Қазгидромет» РМК филиалының және экология департаментінің мамандары бар.

Осыған дейін биыл Атырауда экологияның тұрғындарға әсерін ғылыми зерттеу басталатыны жөнінде жазған едік.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью