Атырауда ауадағы күкіртсутек мөлшері нормадан 77 есе асып кетті

03.04.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Қала тұрғындары ауадан жағымсыз өткір иісті сезген. Сол уақытта air.kz қосымшасы ауа сапасының күрт нашарлағанын тіркеді.

Қызметтің дерегіне сәйкес, таңғы сағат 7 шамасында ауадағы күкіртсутектің мөлшері шекті рұқсат етілген нормадан 77 есе асып кеткен. 

Қаладағы өткір иіс туралы әлеуметтік желілерде тұрғындар да жазып жатты. Заңгер, Атырау облысы мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Салтанат Рахимова да Facebook парақшасында жазды.

«Таңертең сағат 8.50-де үйден шықсам, ауадағы сасыған иісті айтып жеткізе алмаймын. Жүрегім айнып кетті. Бұл не сұмдық. Аптасына 2-3 рет осындай сасық ауаны иіскеу әдетке айналып кетті ғой...Экология департаменті бар, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау бар, барлық құзырлы органдардан мына күкіртсутегінің көзін анықтауды талап етіңіздерші… Завод па, Су Арнасы ма, басқа ма… табыңыздаршы… Жыл сайын Атырау облысы табиғат қорғау бағдарламаларын орындауға арнап миллиардтаған ақша қаражатын бөледі, ол ақша қайда кетіп жатыр, халық неге игілігін  көрмейді, нәтижесі қайда ол бағдарламалардың… Серік Жамбылұлы, орынбасарлары, қимылдаңыздаршы, халықты улауға жол бермесеңіздерші! Халық Сіздерден үміт күтеді ғой… Ересек адамдар – біз тұншығып өлуге қалғанда – балалар, жүкті әйелдер, астма, бронхит аурулары барлар қалай күн көрмек…», - деп жазды ол.

Заңгер өңір билігінің жауапкершілігін де еске салды. Оның айтуынша, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға сәйкес, облыс әкімдігі халықтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.

Қаладағы ауа сапасына қатысты мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Тұрғындар денсаулыққа қауіп төндіретін иістер мен зиянды заттардың жиі тіркелетінін айтып, жауапты органдардан нақты шара күтеді.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 15:45

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью