Атырауда аялдамалардың аздығы жолаушылар мен жүргізушілерге қиындық туғызып отыр

09.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Қаладағы өзекті мәселелердің бірі – аялдамадан жаяу жүргіншілер жолына өту. Көп жағдайда жолаушылар автобустан түскен соң қауіпсіз жаяу жүргінші жолына жету үшін көлік жүретін жол жиегімен жүруге мәжбүр. Ал кейбірі абаттандырылған аумақты басып өтеді.

Аялдамалар Береке, Өркен, Жұлдыз, Мирас, Самал сынды ықшам аудандар мен Еркінқала, Алмалы ауылдарына қажет. Автопарк өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді.

– Мысалы, Самал ықшам ауданында №21 бағыттың бойында 11 «жол беріңіз» белгісі бар. Соның бәріне автобус тоқтайды. Бірақ көп жерде аялдама мен қалташа қарастырылмаған. Қолайсыз ауа райында автобустардың жол шетіне тоқтауы қиын. Сонымен қатар аялдамаға жақын орналасқан жаяу жүргіншілер өткелдері де қауіпті. Жолаушылар автобустан түскен соң бірден жолаққа жүгіріп өтеді, ал басқа көліктер оларды байқамай қалуы мүмкін, - деді Algabus ЖШС бөлім басшысы Асылжан Жасқайратов.

Фото: Нұрбибі Теміртасова

Ал қалалық әкімдік өкілдері мәселені кезең-кезеңімен шешу жоспарланғанын айтады. Биыл қалада 100 жаңа аялдама орнату көзделіп отыр. Қазіргі уақытта қажетті қаржы есептеліп, құжаттары дайындалып жатыр.

– 2026 жылы 100 аялдама мен арнайы қалташаларын салу үшін қаржы есептеліп, бюджеттік комиссияға ұсыныс берілді. Қазіргі таңда бастапқы қаражат бөлінді. Алдағы уақытта конкурс жарияланады. Сонымен қатар аялдамалардың нақты орындары полиция департаментімен бірлесіп анықталып, барлық қажетті жол белгісі орнатылады, - деді Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Қайрат Қойшығали.

Айта кетейік, өткен жылы Атырауда қоғамдық көліктің қатысуымен 47 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 8 адам қаза тапқан. Ал биылдың өзінде бір қайғылы жағдай болған.

Бұған дейін Атыраудағы автобустарда тағы бір төлем жүйесі іске қосылғанын жазған едік.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью