Атырауда блогерді соққыға жыққан іс бойынша сот үкімі шықты

13.02.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Құралай Болатова, видеодан стоп-кадр

Атырауда блогер Құралай Болатованың соққыға жығылуына қатысты резонансты іс бойынша сот үкімі жарияланды. Айыпталушылар ҚР ҚК 108-1-бабының 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша — алдын ала сөз байласқан топпен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмысына кінәлі деп танылды.

Іс материалдарына сәйкес, жанжал Стамбулға жасалмаған сапарға байланысты туындаған. Болатова жол шығыны үшін 100 мың теңге аударған, кейін ақшаны қайтаруды талап еткенде оған қоқан-лоққы жасалған.

Кейін айыпталушылар Құралай Болатованы қала сыртындағы зират аумағына апарған. Сол жерде әйелдер арасында жанжал туындап, жәбірленушіге қол-аяқпен соққы жасалған. Болатованың айтуынша, оны балағаттап, қорлап, қоқан-лоққы жасаған. Кейін оны айыпталушылардың бірінің пәтеріне жеткізіп, таңертең ғана шығуына мүмкіндік берген.

Сот процесінде Болатова өзін еркіндігінен айырылғандай сезінгенін айтып, айыпталушылардың әрекеттерін ауыр бапқа қайта саралауды талап етті.

Мемлекеттік айыптаушы әр айыпталушыға бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, оның орындалуын сол мерзімге шегеруді сұрады. Жәбірленуші тарап болса, нақты бас бостандығынан айыруды талап етіп, моральдық және материалдық шығынды өтеуді сұрады. Ал айыпталушылар азаматтық талап сомасын азайтуды өтінді.

Сот әр айыпталушыға бір жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкімнің орындалуы сол мерзімге шегерілді.

Сонымен қатар, жәбірленушінің пайдасына 1 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы, 2,9 миллион теңге материалдық шығын өндірілді.

Айгүл МАНСУРОВА

Бүгін, 11:32

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью