​Атырауда электр желілері жер асты кабелдеріне ауыстырылады

26.10.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Атырауда электр инфрақұрылымын ауқымды модернизациялау жоспарланып жатыр. Қаладағы апатты әуе желілерінің орнына қауіпсіз әрі сенімді жерасты кабельдері тартылып, қосалқы станциялар жаңартылады. Басқару жүйесін кешенді қайта құру мәселесі облыс әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

Атырауда жарықтың жиі өшуіне тозығы жеткен сымдар мен ауа райының қолайсыздығы басты себеп болып отыр. Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтің айтуынша, күшті жел, шаңды дауыл, көктайғақ пен көліктердің бағандарға соғысуы салдарынан апаттық жағдайлар жиілей түскен.

Бұл мәселені шешу үшін қалада электр желілерін модернизациялаудың бірнеше кезеңі жүзеге асырылады:

162 км электр желісін реконструкциялау (2027–2028 жж.): Жоба аясында төрт ауылдық округ пен қаланың бірқатар мөлтекауданында тігілген полиэтиленмен оқшауланған заманауи кабельдер төселеді. Сонымен қатар алты трансформаторлық қосалқы станция салынып, ауыстырылады.

Азаттық көшесіндегі желілер (2027 ж.): Азаттық көшесі бойындағы 10,2 км электр желісін жаңарту жобасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды.

Жоғары кернеулі желілерді ауыстыру (2028–2029 жж.): Кернеуі 10 кВ-тық тоғыз желі мен 110 кВ-тық екі желі толығымен ауыстырылады.

Құрылыс барысында асфальт төсемін бұзбау үшін кабельдер көлденең-көлбеу бұрғылау әдісімен төселеді. Сондай-ақ жобалаудан бастап құрылысты тапсырғанға дейінгі барлық жауапкершілікті бір мердігерге жүктейтін EPC-келісімшарт моделін қолдану жоспарда бар.

Облыс әкімі Болат Ақшолақов жұмысты ең апатты учаскелерден бастауды және барлық коммуналдық инфрақұрылымды өзара үйлестіре отырып жүргізуді тапсырды.

«Тозып тұрған желілерді ауыстырып қана қоймай, жылдар бойы сенімді қызмет ететін инфрақұрылым құруымыз керек. Кабельдік желілер мен тарату пункттерін жобалау жұмыстары бірге жүргізіліп, электр, жылу, су мен дренаж желілерін төсеу өзара келісілуі тиіс. Бұл ретте жұмыс сапалы аяқталуы керек және тұрғындарға қосымша тарифтік жүктеме түспеуі қажет», — деді Болат Ақшолақов.

Аймақ басшысы жауапты ведомстволарға басым бағыттарды айқындап, жобаларды кезең-кезеңімен сапалы іске асыруды жүктеді.

Бүгін, 19:28

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью