Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» авиациялық жасағы алғаш рет автожолға ұшақ қондыру бойынша ерекше оқу‑жаттығу өткізді.
Бұл шара Атырау облысында «Астрахань – Атырау – Доссор – Ақтөбе» республикалық маңызы бар жолдың бір учаскесінде ұйымдастырылды.
Жаттығу барысында ұшу даярлығының ең күрделі элементтерінің бірі — әуе кемесін автожолға қондыру сәтті орындалды. Одан кейін шартты түрде ауыр халдегі науқасты эвакуациялау операциясы жүзеге асырылды.
Экипаждар белгіленген маршрут бойынша бағдарлау мен навигацияны пысықтап, әуе кемесін жолға қондыру, науқасты Атырауға жеткізу және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету алгоритмдерін орындады.
Ұшақты тәжірибелі нұсқаушы‑ұшқыштар Ильгар Шарипов пен Евгений Шимолин басқарды. Арнайы навигациялық құралдарсыз әрі шектеулі жол учаскесіне қону аса жоғары кәсіби шеберлікті, шоғырлануды және дәлдікті талап етті.
Мұндай жаттығулар шұғыл медициналық көмекті көрсету уақытын қысқартуға, инфрақұрылымы шектеулі аймақтарда авиацияның дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.
Бұл қолжетімділігі қиын аудандардан зардап шеккендерді медициналық мекемелерге жедел жеткізуге мүмкіндік береді.
Оқу‑жаттығуға ТЖМ‑нің екі әуе кемесі, 20‑дан астам арнайы техника және төтенше жағдайлар департаменті, полиция, әкімдік пен «ҚазАвтоЖол» компаниясының 60‑қа жуық құтқарушысы мен авиация мамандары жұмылдырылды.
Бүгін, 14:52