Атырауда көпқабатты 7 үйдің құрылысы 3 жылдан бері тоқтап тұр

28.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Талқайраң ауылындағы 9 қабатты 7 тұрғын үй құрылысы 3 жылдан бері тоқтап тұр. Бұған мердігер мекеме жұмысының өндірістік кестеден қалуы себеп.

Жалпы бұл жобаның мәселесі тереңде жатыр. 2023 жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс баспаналарды салуға жауапты болған «Таразқұрылысинвест» компаниясы өзге өңірде тіркелгендіктен, мұндағы жұмысты субмердігерлерге бөліп берген. 2023 жылы материалдардың қымбаттағанын сылтауратып, жобаны қайта қарауды сұраған. Алайда басшылар мердігердің бұл өтінішін қарауға негіз жоқ деп тапты.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Кейін әкімдік тарапынан жасақталған келісімшартты бұзу, аванстық төлемді бюджетке қайтару бойынша сотқа талап-арыз жолданып, 2024 жылдың қаңтар айында қанағаттандырылды. Сот шешімімен келіспеген мердігер мекеме аппеляциялық шағым жазған.

— Бірінші сатыдағы шешім күшінде қалдырылды. Қазіргі уақытта аванстық төлем қайтарылуда. Жобалық-сметалық құжат бойынша қалған жұмыстардың құнын есептеп, тендерді қайта өткізу жоспарланып отыр. Бұл жұмысты жүргізу үшін бюджеттік комиссиядан шешім күтіп отырмыз, — деп мәлімдеді қалалық құрылыс бөлімі.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Әкімдіктің берген ресми ақпаратына сүйенсек, жоспарланған құрылыстың тек 10 пайызы істелген. Яғни, іргетасы ғана құйылған.

Бұл учаскедегі құрылыстың қашан жанданатыны белгісіз. Өйткені, сметалық құжатты өзгертуге керекті қаржы әлі бөлінбеді.

Соңғы мәлімет бойынша Атырау қаласында 30 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Айта кетейік, дәл осы құрылыстың жанында салынып жатқан 24 үйдің құрылысы 7 жылға созылып кетті. 2019 жылы басталған жұмыс 2020 жылы тапсырылу керек еді. Алайда әлі күнге халық игілігіне берілген жоқ.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью