Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Атырауда жұмыс берушілер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінде қателіктер жіберіп, қызметкерлер уақытша сақтандырылған мәртебесінен айырылып, соның салдарынан МӘМС жүйесінде медициналық көмек ала алмай отыр.
Атырау облысының кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен кездесуде жиі кездесетін қателіктер талқыланды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Атырау филиалының халықты ақпараттандыру және пациенттерді қолдау бөлімінің бас сарапшысы Сағынбек Ароновтың айтуынша, ең жиі кездесетін қателіктің бірі – міндетті екі төлемнің біреуін ғана аудару.
- Жұмыс беруші екі төлемді қатар аударуы тиіс. Егер, мысалы, бір төлем (КНП – 121) жасалып, ал екіншісі (КНП – 122) аударылмаса, азамат сақтандырылған мәртебесін алмайды. Себебі жүйе оны базаға енгізбейді, – деді ол.
Бұл жерде әңгіме аударымдар мен жарналарға қатысты. Жұмыс беруші ай сайын екі төлемді қатар жасауға міндетті: өз қаражаты есебінен қызметкер табысының 3%-ын аударым ретінде, ал қызметкердің жалақысынан 2%-ын жарна ретінде ұстап отыруы тиіс.
2026 жылы бұл төлемдерге шектеу қойылған: аударымдар ең көбі 40 ең төменгі жалақыдан, жарналар ең көбі 20 ең төменгі жалақыдан есептеледі. Бұл табысы жоғары қызметкерлер үшін де төлем көлемі белгілі бір шектен аспайтынын білдіреді.
Ароновтың айтуынша, мәселе төлемнен бас тартудан емес, төлемдерді рәсімдеу мен кодтарды дұрыс көрсетпеуден туындап отыр.
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Тек төлемдер уақытылы әрі дұрыс жүргізілген жағдайда медициналық қызметтерге қол жеткізуді тқамтамасыз етеді.
Айнұр САПАРОВА
Бүгін, 20:25