​​​Атырауда он күн ішінде тонналаған балық тәркіленіп, 13 қылмыстық іс қозғалды

21.04.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

10–20 сәуір аралығында Атырау облысында өткен рейдтік шаралар барысында заңсыз айналымнан 5,6 тоннадан астам балық тәркіленді. Оның ішінде 300 кг-нан астам бекіре тұқымдас балық және шамамен 1 кг уылдырық бар. Барлығы 378 құқық бұзушылық анықталып, 267 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

«Бекіре–2026» балық қорғау акциясы басталғаннан бері Атырау өңірінде браконьерлік пен жойылып кету қаупі бар сирек балық түрлерінің заңсыз айналымына қатысты 13 қылмыстық іс қозғалды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 7,5 миллион теңгені құрады. 

Рейдтік іс-шаралар барысында 44 аулау құралы мен 40 жүзу және көлік құралы тәркіленді. Бұған қоса, мамандар өзендер мен теңіз акваториясын күнделікті тралдау кезінде су айдынынан 483 заңсыз балық аулау құралын алып шықты.

«Бекіре–2026» акциясы 1 сәуірде басталды және 31 мамырға дейін жалғасады. Оған Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары, құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының қызметкерлері, сондай‑ақ ҰҚК Шекара қызметі қатысуда.

Бұл іс‑шара 2026 жылғы наурызда қол қойылған Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ішкі істер министрлігі және ҰҚК‑нің бірлескен бұйрығы негізінде өткізіліп жатыр.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 11:56

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью