​​Атырауда Onay ​жүйесі іске қосылды, ал Smart Qala не болды?

30.03.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Атырауда “Onay” электронды төлем жүйесі ресми түрде іске қосылды.

Жүйе бүгін таңертең жұмысын бастап, сағат 10:00-ге дейін 1 мыңға жуық сапар тіркелген. Бұл туралы “Оңай” қызмет көрсету орталығының салтанатты ашылуында белгілі болды.
Жаңа сервистік орталықта қала тұрғындары жеңілдетілген карталарды небәрі 10 минут ішінде рәсімдей алады. Сондай-ақ бірыңғай көлік картасы қаладағы “Ярмарка” супермаркеттер желісінің 18 нүктесінде сатылады. Бұдан бөлек, жолаушылар картаны мобильді қосымша арқылы виртуалды пайдаланып, QR-кодтарды да қолдана алады.
Жоба аясында тек электронды төлем жүйесі ғана емес, диспетчерлік және талдамалық жүйелер де қатар іске қосылған. “Оңай” мобильді қосымшасы арқылы тұрғындар автобустардың қозғалысын бақылап, маршрутты таңдауға, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға бейімделген қоғамдық көліктерді анықтауға мүмкіндік алады.
– Компания қаладағы 5 автопарктің автобустарын диспетчерлік жүйемен жабдықтады. Бұл қоғамдық көліктердің қозғалысын бақылап, олардың аралық интервалы мен аялдамаларға тоқтау тәртібін саралауға мүмкіндік береді, – деді «Алматы қаласының Көлік Холдингінің» өңірлерді дамыту жөніндегі директоры Дәурен Сабитов.
Қазір қаладағы 250 автобусқа 500 терминал орнатылған. Цифрлық төлем жүйесімен оқушылар қоғамдық көлікті тегін пайдалана алады, ал көпбалалы аналар мен зейнеткерлер үшін 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Көлік картасының құны – 800 теңге.

Onay жүйесінің іске қосылуы операторды ауыстыруға қатысты сұрақтармен қатар жүріп жатыр. Биылғы қаңтарда Атырау әкімдігі 2019 жылдан бері қалаға қызмет көрсетіп келген Smart Qala жүйесінен бас тартып, төлем жүйесін Onay платформасына көшіру туралы шешім қабылдағаны хабарланған болатын. Мердігерді ауыстыру себебі туралы тікелей қойылған сұраққа әкімдік нақты жауап бермеді. Олар тек «тиімді төлем жүйелеріне басымдық беру» туралы жалпылама жауаппен шектелді.

Ал Smart Qala компаниясы әкімдіктің бұл шешімімен келіспейтінін және монополияға қарсы департаментке шағым түсіруге дайындалып жатқанын мәлімдеді.

Бүгін, 16:42

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью