Атырауда өнер музейі 12 өңіржиекпен толықты

27.01.2026

24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Шаймардан Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі 12 өңіржиекпен толықты.

Қазақ қолөнерінің жауһары саналатын туындылар - тек батыстың емес, жалпы  барлық өңірдегі зергерлердің үздік жұмыстары саналады. Былтыр музейде «Зергерлік өнер» залы жасақталды. Қазір жаңа жәдігерлерді қызықтаушылар саны 10 мыңнан асқан.

Зергерлік өнер залы күн сайын тамашалаушыларға толы. Көздің жауын алатын мына күміс бұйымдар әсіресе, қыз-келіншектердің қызығушылығын оятқандай.

Нүрия Байғазиева, қала тұрғыны:

- Бұл жердегі әшекей бұйымдарда әйел адамның кезеңі бар деп таныстырды ғой. Жас кезі, орта буын, үлкейген шақ. Соның әшекейлері маған өте қатты ұнады. Әрқайсының детальмен жасалғаны өте қатты әсер етті және өте әдемі жасалған. 

Өңіржиек – тек сәндік бұйым емес, қазақ қызының сыр-сымбаты мен мәртебесін айшықтайтын, ұлт мәдениетінің айғағығындай зергерлік туынды. Оны негізінен күмістен соғып, түрлі тастармен безендіреді. Күміс- тазалықтың белгісі болса, тастар тіл-көзден сақтайды деген ұғым бар. Негізі, өңіржиекті қыз бала ұзатылғалы жатқанда немесе балалы болғанда тағатын болған. Оның да өзіндік философиялық мағынасы бар.

Бибінұр Байтуғанова, музей таныстырушысы:

- Ата-бабарамызы қандай зергерлік бұйымды жасаса да оларды өзінің бағытымен, мән-мағынасымен жасаған екен. Өңіржиекті мысалы, 3 тақталы қылып жасайды. Неге? Себебі ол адамның үш жұртын білдіреді. Екіншіден, адам өмірінің 3 кезеңін білдіреді екен.

Көрмеде елдің 9 өңірінде жасалған өңіржиектер қойылған. Оның ішінде батыс-шығыс, оңтүстік пен арқа шеберлерінің қолынан шыққан жауһарлар тұр. Әр өңірге тән зергерлік қолтаңба айқын аңғарылады дейді, - зергер Мұхтар Шеруен. Осы көрмеде зергердің «Нарын» атты туындысы бар.

Мұхтар Шеруен, зергер:

- Күрделі жасаған техниканың бір түрі бұл жерде «зекрепка» дейді, яғни тасты бекіту. Мына тастардың көлемі 1-1,5 милиметр. Сол тастарды бекіткен себебім, онда күн сәулесі түскенде құмның шағылысы болсын дедім. Сол жылтырап көрінсін деген ойым бар. 

Осы уақытқа дейін музейге 10 мыңнан адам келіп көрме залын тамашалаған. Былтыр осында республикалық зергерлер жиыны өткен. Көпке таныстыруға арналған шара биыл да жалғасын таппақ.

Махамбет Дауылбаев, Музей басшысының орынбасары:

- Биыл білезік жөнінде өткіземіз. Сол білезіктің ішінде өзінің түрлері болады. «Бес білезік» деген ретпен өткіземіз. Республкиалық зергерлердің симпозиумы болады. Одан бөлек бізде «Шебер» фестивалі бар. Осы 2 жыл қатарынан республикалық көлемде өткіздік. Енді осы биылғы жылы біздер халықаралық көлемде өткізгелі отырмыз.

Музей ұжымы өнер туындыларының көшпелі көрмесін аудан-ауылдарға шығаруды дәстүрге айналдырып келеді. Сонымен қатар олар ел ішіндегі зергерлерді тауып, көпшілікке таныстыра бастады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью