Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Өңірде мектеп қауіпсіздігі мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған байланысты өткен кездесуде білім беру ұйымдарының басшылары облыс әкімі мен ПД бастығына бірқатар түйткілді мәселені ашық айтты.
Фото: Атырау облысының әкімдігіМектеп директорларының сөзінше, бүгінгі таңда күзет қызметінің сапасы сын көтермейді. Мемлекеттік сатып алу арқылы келетін компаниялардың мүмкіндігі шектеулі, ал төмен жалақы білікті мамандарды тартуға кедергі келтіріп отыр.
Жылыой ауданындағы М.Әуезов атындағы №4 орта мектептің директоры Сымбат Қабдірахманова бұл мәселені нақты мысалмен түсіндірді.
— 85 мың теңге жалақыға отбасы асырап отырған 25 пен 50 жастағы азаматтар келіп жұмыс істемейді. Біз конкурс жарияласақ та, мамандандырылған күзет келмейді. Ал басқа компаниялардан бас тартсақ, мектепті кім күзетеді? Штатта вахтер жоқ, бұл — үлкен проблема, — деді ол.
Ауыл мектебінің басшысы әлі күнге қағазбастылықтан құтыла алмай отырғандарын, соңғы уақытта әлеуметтік желіге салынған фото-видеолардың есебі қосылғанын айтты.
— Қағаз бен фотодан бас көтеруге уақыт жоқ. Тағы бір мәселе. Камераларды күзет қызметі мен мектеп директоры ғана көре алады. Басшыда камера қарап отырудан басқа жұмыс жетіп артылады. Білім ордаларында камераларды қарап отыратын маманға штат қаралмаған, — Сымбат Қабдірахманова.
Ал Атырау қаласындағы № 24 мектептің директоры Әлия Еділбаева мектеп басшылығының мойнындағы ауыр жүкке тоқталды. Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын осы тақырыпта өткен жиын кезінде күзеті қызметін ұйымдастыру жұмысын мектептен алып тастау туралы ұсыныс айтылған. Бұл ұсыныс әлі қолдау таппай келеді.
— Күзет фирмалары тендерге қатысқан кезде бағаны түсіріп тастайды. Ең төменгі көрсеткішпен ұтып алған компания сапалы қызмет көрсетпейді. Ал ең соңында мектеп директоры кінәлі болады. Бұл жерде ескеретін тағы бір маңызды жайт бар. Қазір балаға бірдеңе болған жағдайда буллинг, мектеп дұрыс жұмыс істемейді деп жатады. Білім ошағында 7 сабақ өтеді. 7 сабақтан кейін қандай тәрбие жұмысы өтеді? Бүгінде біздер баланы емес, ата-ананы тәрбиелеп жатырмыз. Ата-аналар біз жасап жатырған ескертуді қабылдамай, басқармадағы басшылықпен қорқытады, – деді Әлия Еділбаева.
Сондай-ақ мектеп басшылары ювеналды полиция қызметкерлерінің жұмысына тоқталды. Бүгінде бір қызметкер бірнеше білім ордасына жауап беретіндіктен тәртіп мәселесі туындап отыр.
— Облыс бойынша мектептерге 340 ювеналды полиция қызметкер бекітілген. Олар да түнгі кезекшіліктен шығады. Жедел уәкілдер, учаскелік инспекторлар мектептің барлық сигналына әрекет етуге дайын, — деді ПД бастығы Оңал Бекеев.
Кездесу барысында жасанды интеллектке негізделген қауіпсіздік жүйесі де таныстырылған. Алайда директорлар ауыл мектептеріндегі интернет сапасын ескеріп, мұндай технологиялардың тиімділігіне күмән келтірді.
Ресми деректерге сәйкес, жыл басынан бері облыста 117 жасөспірімнің қатысуымен 120-ға жуық құқық бұзушылық тіркелген. Оның басым бөлігі — ұсақ бұзақылық пен ұрлық. Жыл басынан бері мектеп қабырғасында 2 ауыр қылмыс тіркелді Сонымен қатар өңірде 150-ге жуық жасөспірім ішкі істер органдарының есебіне алынған.
Атырау облысында 115 мемлекеттік мектептің 27-сінде ғана күзет қызметі талапқа сай ұйымдастырылған.