Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы облыстық білім беру басқармасына қарасты 6 балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубына мемлекеттік аудит жүргізіп, нәтижесінде 251 млн 52 мың теңгеден астам бұзушылық анықтаған.
Аудит Жылыой, Индер, Мақат, Қызылқоға, Құрманғазы мен Махамбет ауданындағы «Балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубы» мекемесін қамтыған. Тексеру кезінде еңбекақы тағайындау, іс-сапар шығындарын артық не кем төлеу, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және жұмсау сынды фактілер болды.
- Бұдан бөлек тексеру комиссиясы аудит объектілерінің тиімділігін бақылады. Осы 6 аудандағы спорт клубтарында инклюзивті топтар ашылмаған. Балаларды өткізу рәсімдерінде бұзушылықтар анықталды. Бұл бойынша аудандағы бөлімдер мен облыстық басқармаға тиісті тапсырмалар беріледі,-деді тексеру комиссиясының мүшесі Болат Әнжанов.
2023 – 2025 жылдар аралығында атқарылған жұмысқа жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 70 рәсімдік бұзушылық болған. Жүйелі кемшіліктер де кеткен.
Қаржылық бұзушылықтың ішінен бюджет есебіне 20,6 млн теңге өтелуі тиіс, ал қалпына келтіруге жататыны 39 млн теңгеден асады.
Жалпы әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 29 факт, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің сақталмауы, бухалтерлік есепке алудың қағидаларының бұзылуы, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу заңнамасының талаптарын бұзу бойынша материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға жолданған. Бүгінде уәкілетті органдармен 15 дерек бойынша 1,9 млн теңге айыппұл салынған.
Бұған дейін Атырау қаласының әкімдігі 10 калькуляторды 3,9 млн теңгеге сатып алмақ болғанын жазған едік.