Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Атырауда Республика күніне орайластырылып «Құрманғазы ауданының жер-су атаулары» атты кітаптың тұсауы кесілді. Сонымен қатар шара аясында ХІХ ғасырдың ортасынан басталатын архивтік фотосуреттер қойылған көрме көпшілік назарына ұсынылды.
«Атырау қаласының тарихи суреттері» атты уақытша көрме үш бөлімнен тұрады. Онда өңірдің өткенінен сыр шертетін бірегей фотолар мен көне ашықхаттар көрсетілген.
Экспозицияның «Жайық жағасындағы көпірлер тарихы» бөлімінде Орталық көпірдің 1956–1965 жылдардағы көріністері орын алған. Ал «Ескі Гурьевтің сәулеті мен тарихи келбеті» бөлімінен Орджоникидзе көшесі мен «Қызыл кустар» ательесінің ғимаратын көруге болады. Сондай-ақ «Тарихи Гурьевтің қоғамдық және әлеуметтік нысандары» бөлімінде 1891 жылғы түрме ғимараты мен 1904 жылғы Теңіз жүзу училищесінің суреттері жинақталған.
Көрмемен бірге жұртшылық назарына ұсынылған жаңа зерттеу еңбегіне тарихи деректермен нақтыланған 1200 жер-су атауы енді. Бұл жинақты дайындау үшін 1864–1945 жылдардағы көне карталар зерделеніп, арнайы далалық экспедиция ұйымдастырылған.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы Арман Жұмағазиевтің айтуынша, зерттеу барысында аудан аумағындағы 2 мыңға жуық нысан қарастырылды. Бұл жұмыс бірнеше кезеңге бөлініп, алдымен тарихи карталар зерттелді. Кейін 20 күн бойы далалық экспедиция жүргізіп, музейге барып, ақсақалдармен кездесу өтті.
Ғалымдар мен зерттеушілер еңбек барысында тарихи атауларды түпнұсқада сақтау және кеңес дәуірінен қалған Алексеевский, Аэропорт және т.б. кейбір топонимдерді қайта қарау қажеттігі туралы ұсыныстар да әзірлеген.
Бүгін, 11:44