Атырауда тұрақтандыру қорының өнімдерін сататын дүкендер саны қысқарып қалған

12.03.2026

Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Бұған дейін тұрақтандыру қорының өнімдері бірнеше жыл бойы «Лидер» және «Идеал» супермаркеттер желісінде сатылып келген. Алайда өткен жылдың соңында бұл желілердің нүктелері жабылып, олардың орнына «Marco» дүкендері ашылды. Сол кезде қор өнімдері 14 дүкенде сатылған еді. Қазір оның тоғызы жұмысын тоқтатып, тек бес сауда нүктесі ғана қызмет көрсетіп тұр. Бұл дүкендерде тұрақтандыру қоры арқылы 18 түрлі әлеуметтік маңызы бар өнім ұсынылады.«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының департамент директоры Қайсар Құрманалиевтің айтуынша, алдағы уақытта жаңа сауда нүктелері іске қосылады.

Фото: Нұрбибі Теміртасова

— Қазіргі уақытта келіссөздердің нәтижесінде «Клубничный рай» супермаркетімен келісімге келдік. Келесі аптадан бастап тұрақтандыру қоры арқылы 11 түрлі тауарды сату жұмысы жанданады. «Marco» желісінің бұрыннан жұмыс істеп тұрған 5 сауда нүктесіне «Клубничный райдың» 4 нүктесі қосылады. Бұдан бөлек аудандар бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр, — деді Қайсар Құрманалиев.

Фото: Нұрбибі Теміртасова

Бұған дейін тұрақтандыру қоры арқылы сатылатын өнімдердің саны 31-ге дейін көбейген болатын. Дегенмен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өкілдері дүкен иелерін тізімдегі барлық өнімді сатуға міндеттей алмайтынын айтады. Ресми мәліметке сәйкес, тұрақтандыру қорының көкөнісі «Marco» желісімен қоса «Дина», «Сарайшық» және «Көктем» базарларында, тұрғын үйлердің маңындағы 11 дүңгіршекте және «Клубничный рай» желісінің 4 нүктесінде сатуға шығарылған.

Фото: Нұрбибі Теміртасова

Өткен жылы кәсіпкерлік корпорация кәсіпкерлермен маусымаралық кезеңге 9 871 тонна көкөністі төмендетілген бағамен жеткізу туралы келісімшарт жасаған. Қазір қоймаларда 2 мың тоннаға жуық көкөніс қоры қалған.

Мамандардың айтуынша, бұл көлем сәуір айының соңына дейін жеткілікті. Ал осы айда келесі маусымға, яғни 2026 жылдың қарашасы мен 2027 жылдың сәуірі аралығына арналған картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат қорын қалыптастыру жұмыстары басталады.

— Қазір шаруашылықтар наурыз айынан бастап жер жырту жұмыстарын жүргізеді. Одан кейін жерді дайындап, сәуір-мамыр айларында егістікке тұқым себіліп, суару жұмыстары басталады, — деді Қайсар Құрманалиев.

Сонымен қатар өңірде сиыр еті қорын қалыптастыру үшін үш ауыл шаруашылығы тауар өндірушісімен келісімшарт жасалған. Алайда олардың екеуімен келісім мерзімі биыл наурыз айында аяқталған. Қазіргі таңда «Marco» сауда желілерінде сиыр етінің бір келісі 3 500 теңгеден сатылып жатыр. Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы аймақта ет тапшылығы жоқ екенін, қор арқылы сатылатын ет көлемін екі есе көбейту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Фото: Нұрбибі Теміртасова

— Жылдық қажеттілік бойынша 258 тонна етті тұрақтандыру қорына жеткізуге келісімшарт жасалған. Қазір 110 тоннаға келісім бар. Облыс тұрғындарының қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін тиісті қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді басқарма басшысының орынбасары Азат Қапанов.

Айта кетейік, 2026 жылы айналым схемасы арқылы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын нарықтағыдан 15–20 пайызға төмен ұсыну және бағаның күрт өсуінің алдын алу үшін 3 млрд 300 млн теңге қаржы қарастырылған.

Бұған дейін Атырау қаласындағы сауда орындарында сиыр еті азайып кеткенін, базарлар мен ірі дүкендердің ет бөлімдерінде кейбір сөрелер бос тұрғанын жазған едік.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью