Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Атырауда Наурыз мерекесіне орай «Таза жағалау» атты тазалық акциясы ұйымдастырылды. Шара ауыл шаруашылығы министрлігінің «Наурыз мейрамы» бағдарламасы аясында өтті.
Акцияны Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы ұйымдастырды. Инспекция өкілі Аслан Жұмашевтың айтуынша, іс-шараға инспекция мамандары мен «Тілекші», «Абылай-Хан», «Қызыл-Балық», «Каспий Рыба Евразия» ЖШС қызметкерлері қатысты.
Қатысушылар Дамбы ауылы маңындағы Жайық өзенінің жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Жалпы саны 50-ге жуық адам мен 10 техника жұмылдырылып, нәтижесінде 630 кг қоқыс жиналды. Жиналған қалдықтар «АрнайыАвтобаза» ЖШС-не жою үшін тапсырылды.
Ұйымдастырушылар мұндай экологиялық шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындарды табиғатты таза ұстауға және қоқысты арнайы орындарға тастауға шақырды.
Акциядан кейін Наурыз мерекесі аясында инспекция қызметкерлері арасында ұлттық спорт ойындарынан жарыстар өтті. Атап айтқанда, асық ату, гир көтеру, ләңгі тебу және арқан тарту сайыстары ұйымдастырылды. Жеңімпаздар марапатталды.
- Шараның негізгі мақсаты – ұлттық ойындарды насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және ұжымдық бірлікті нығайту, - дейді А. Жұмашев.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
Бүгін, 16:01