Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Қалада өзін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкері ретінде таныстырған әйел бірнеше адамды алдап, миллиондаған теңге иемденген.
Іс материалдарына сәйкес, ол пәтерді жеңілдетілген бағамен алып беремін деп сендірген. Сенім ұялату үшін сатып алушыларды қала орталығындағы салынып жатқан «Аягөз» тұрғын үй кешеніне апарып, интернеттен жүктелген жалған құжаттарды ресми қағаз ретінде көрсеткен.
Азаматтар ақша қаражатын қолма-қол және аударым арқылы берген. Жаңа клиенттердің кейбірін бұрын алданып қалған таныстары ертіп келген. Ақшаны алған соң әйел түрлі себептерді айтып, уәде еткен пәтерлерді ешкімге бермеген.
Сотта ол кінәсін толық мойындап, сенімге кіру үшін ойдан шығарылған лауазым мен жалған құжаттарды пайдаланғанын айтты.
Сот оны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Бұрынғы үкіммен қосқанда жалпы мерзім 4 жыл 7 айды құрады. Алайда сотталғанның төрт кішкентай баласы бар болғандықтан, жазаны өтеу кейінге қалдырылды. Сонымен қатар, ол жәбірленушілерге 24 млн теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттелді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Бүгін, 15:20