Атырауда жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін көмек күшейтілуде: тағы екі аурухана жаңа жабдық алады

24.06.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Атырау облысында жаңа туған нәрестелерге шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыс жалғасуда. Биыл өңірдегі тағы екі медициналық ұйым — Облыстық балалар ауруханасы мен Атырау қалалық перзентханасы неонаталдық реанимацияға арналған заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

«Теңізшевройл» компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының арқасында Облыстық балалар ауруханасының неонаталдық реанимация бөлімі үшін екі өкпені жасанды желдету аппараты және бес пациент мониторы сатып алынады. Ал Атырау қалалық перзентханасына SV 800 өкпені жасанды желдету аппараты мен заманауи анестезиологиялық-тыныс алу аппараты жеткізіледі.

Жоба AYALA қайырымдылық қоры тарапынан жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуға және денсаулығын қорғауға арналған жабдықтармен мемлекеттік перинаталдық орталықтарды, перзентханалар мен балалар ауруханаларын қамтамасыз етуге бағытталған «Тыныс сыйлайық» ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Осыдан бірнеше жыл бұрын өңірдегі қолдаудың негізгі бағыты Облыстық перинаталдық орталық болды. Себебі дәл осы мекемеге облыстың түкпір-түкпірінен ең күрделі пациенттер жеткізіледі. 2024–2025 жылдары орталық ауыр тыныс алу жеткіліксіздігі бар жаңа туған нәрестелерді емдеуге арналған азот тотығымен емдеу аппаратымен, жаңа рентген-қондырғысымен, анестезиологиялық-тыныс алу аппаратымен және шала туған нәрестелердегі көру бұзылыстарын ерте анықтауға арналған ретиналдық камерамен жабдықталды. Сонымен қатар, мұнда алғаш рет неонаталдық хирургия бөлімі ашылды.

AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушысы әрі президенті Айдан Сүлейменованың айтуынша, балалар денсаулығын сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін өңірдегі басқа да медициналық ұйымдарды қолдау маңызды.

«Өткен жылы “Теңізшевройл” компаниясының қолдауының арқасында Атырау облыстық перинаталдық орталығында нәрестелерге өмірінің алғашқы сағаттарында шұғыл көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Сондықтан біз өңірдегі неонаталдық реанимация бөлімдері жұмыс істейтін басқа мемлекеттік медициналық ұйымдарға — Облыстық балалар ауруханасы мен Атырау қалалық перзентханасына назар аудардық. Жаңа реанимациялық жабдықтар жиынтығы осы мекемелердің дәрігерлері үшін жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуға бағытталған күнделікті жұмыстағы маңызды қосымша құрал болады», — деді Айдан Сүлейменова.

Бұл жұмыстың нәтижелері өңірдің денсаулық сақтау көрсеткіштерінен де көрініс табуда. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың соңына қарай өңірдегі нәресте өлімі 7,2%-ға төмендеді. Бұл соңғы жылдардағы балалар денсаулығын қорғау саласындағы ең маңызды нәтижелердің бірі саналады. Мамандар бұл көрсеткіштің жақсаруын медициналық көмекті дамытуға бағытталған кешенді шаралармен, оның ішінде балаларды өмірінің алғашқы күндерінен бастап сапалы диагностикалау және емдеумен байланыстырады.

Маңызды жетістіктердің бірі — Облыстық перинаталдық орталықта неонаталдық хирургия бөлімінің ашылуы. Бөлім жұмысының алғашқы айларында-ақ 16 жаңа туған нәрестенің өмірі сақталып қалды.

«Біз заманауи жабдықтармен жүйелі түрде қамтамасыз ету нәтижесінде жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің уақтылығы мен тиімділігі артып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан әлеуметтік бастамаларымыздың ұзақ мерзімді оң әсерін қамтамасыз ету үшін өңірдегі басқа да мемлекеттік медициналық ұйымдарды қолдауды жалғастырамыз», — деп атап өтті «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қаратабаев.

AYALA қоры Атырау облысында 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде өңірдегі қайырымдылық жобаларды жүзеге асыруға 300 миллион теңгеден астам қаражат бағытталды, оның ішінде 200 миллион теңгеден астамы балалар денсаулығын дамытуға инвестицияланды. Облыстық перинаталдық орталық, Атырау қалалық перзентханасы және Облыстық балалар ауруханасы 100-ден астам реанимациялық және диагностикалық жабдық алды. Биыл олардың қатарына неонаталдық реанимацияға арналған тағы 9 аппарат қосылады.

Өңір тұрғындарының көпшілігі үшін бұл өзгерістер көзге бірден байқала бермеуі мүмкін. Алайда дәл осындай жабдықтар дәрігерлерге жаңа туған нәрестенің өміріндегі ең маңызды әрі шешуші сағаттарда дұрыс медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Кеше, 17:03

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью