Azh.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Атырау облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жаңа еңбек маусымына қатысу үшін өтінім қабылдау жүріп жатыр.
Қазір Исатай ауданынан 200‑ге жуық, Махамбет ауданынан 100‑ге жуық өтінім түскен.
Ал Атырау қаласында тіркеу енді басталып, 50‑ге жуық жас өтініш берген. Басқа аудандарда да қабылдау кезең‑кезеңімен жүргізілуде.
Жобаға жұмыссыз жастар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға басымдық беріледі. Өтінім қабылдау тамыз айында басталатын еңбек маусымына дейін жалғасады. Жастар абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарымен айналысып, саябақтар мен балалар ойын алаңдарын қалпына келтіруге атсалысады. Сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түрлі акциялар мен командалық жобалар ұйымдастырылады.
Жобаға 16 жастан бастап қатысуға болады. 18 жасқа толмағандар ата‑анасының немесе заңды өкілінің жазбаша рұқсатын ұсынуы тиіс. Кәмелетке толмағандар үшін жұмыс уақыты күніне 7 сағат 20 минут болып белгіленгенімен, олардың жалақысы толық сақталып, 85 мың теңге көлемінде төленеді. Қатысушылар арнайы киіммен және қажетті құрал‑жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
«Жасыл ел» жобасының мақсаты – жастарды маусымдық жұмыспен қамту, уақытты тиімді ұйымдастыру, қарым‑қатынас дағдыларын дамыту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған жердің табиғатын қорғауға баулу. Өткен жылы облыс бойынша мыңға жуық жас жұмыспен қамтылған.
Бүгін, 17:37