Атырауда жеке мектептің құрылтайшысы алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға сотталды

14.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Атырау қаласының №2 сотының үкімімен аталған мектептің құрылтайшысы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар 6 жыл бойы қаржылық және коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

– Заңға қайшы әрекеттердің салдарынан жәбірленушілерге 120 миллион теңге көлемінде аса ірі материалдық залал келтіріліп, аталған сома толық көлемде өндіріп алу соттың айыптау үкімімен міндеттелді. Шығарылған үкім қоғамда алаяқтық пен азаматтардың сенімін теріс пайдаланғаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қалыптастыруға бағытталған, - деп мәлімдеді облыс прокуратурасы.

Айта кетейік, жекеменшік мектеп 2024 жылдың 1 қыркүйек күні салтанатты түрде ашылған. Алайда 2025 жылдың ақпан айында жұмысын тоқтатқан. Алғашқы айларда сабақтар белгіленген кестеге сәйкес өткізілген. Бірақ қыс мезгіліне қарай мұғалімдердің жалақысы кешіктіріле бастаған. Соның салдарынан ұстаздар жұмысқа шықпай, сабақтар жиі тоқтап қалған. Ата-аналар осыдан кейін ғана мектептің лицензиясы жоқ екенін біліп, алданғанын түсінген. Амалы таусылған ата-аналар балаларын оқу жылының ортасында шұғыл түрде басқа мектептерге ауыстыруға мәжбүр болды.Көп отбасы оқу ақысын 12 айға бірден төлеген. Бір бала үшін төленген орташа сома шамамен 1 миллион теңгені құраған. Ал кейбір жағдайларда бір отбасының төлеген қаражаты бірнеше миллион теңгеге дейін жеткен.

Прокуратура азаматтарға келісімшарт жасасу немесе қаражат төлеу алдында білім беру ұйымдарының құқықтық мәртебесін, лицензиясы мен басқа да рұқсат құжаттарының бар-жоғын мұқият тексеру қажеттігін ескертті.

Бұған дейін Атырауда 19 жастағы қызды қорлап, әлеуметтік желіге видео жариялаған жігіт 30 күнге қамалғанын жазған едік.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью