Атырауда жүзеге асып жатқан стратегиялық жобалар

27.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Үкімет назарындағы автожол

Үкімет өндірістік әлеуетті арттырумен бірге жол қатынасын, әуе көлігін, әлеуметтік инфра­құ­ры­лым­ды қатар дамытуға басымдық беріп отыр. Алғашқы нысан – республикалық маңызы бар «Атырау – Орал» автожолы. Батыс Қазақстан облысының шекарасынан Атырау қаласына дейінгі 94 шақырым учаскеде жолдың негізі нығайтылып, бүлінген бөліктері қалпына келтіріліп, жаңа асфальт-бетон төселеді. Құрылыс алаңында 80 арнайы техника мен 65 маман еңбек етіп жатыр.

Бұл жол Атырау тұрғындарын Батыс Қазақстан облысымен бай­ланыстырып қана қоймай, Ресей­ге бағытталған негізгі тран­зит дәліздерінің біріне айнал­ған. Екі облыс арасында темір­жол қатынасының жоқтығы авто­жол­дың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Жобаны 2028 жылы аяқтау көзделіп отыр.

Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс қарқынын үдетуді тапсырды. Жұмысты бірнеше лотқа бөліп, қосымша мердігерлер тарту мүм­кін­дігін қарастыруды жүктеді. Сондай-ақ «Орал – Атырау» жолын қайта жаңғырту мәселесін Үкімет қарауына енгізуді тапсырды.

Өңірде «Мұқыр – Құлсары» авто­жолының алғашқы 16 шақы­ры­мында құрылыс жұмыс­ы жү­ріп жатыр. «Махамбет – Хамит Ерғалиев» бағытындағы жол­дың 10–35 шақырымы орта­­­ша жөн­деу­ден өтіп жатыр. Атырау қала­сының солтүстік айналма жолы да өңір көлік жүйесіне сер­пін беретін жобалардың бірі. Жоба аясында Жайық өзені үстінен көпір салынып, үш жолайрық бой көте­реді. Жаңа магистраль об­лыс ор­талығын айналып өтіп, «Атырау – Астрахань», «Атырау – Орал», «Атырау – Индер» мен «Атырау – Ақтөбе» бағыттарын өзара жалғайды. 

Құрылысы созылған терминал

Жұмыс сапары барысында бірінші вице-премьер Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайда болды. Әуежайды жаң­ғыртуға 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тар­тылған. Инвестор – «Qaz Air Investments LLC». Алайда терминал құрылысының мерзімі созылып кеткен. Нұрлыбек Нәлібаев эскиздік жобаны 1 шілдеге дейін бекітіп, құрылыс жұмысын тамыз айында бастауды тапсырды.

«Жұмыс мерзімін бұдан әрі созуға болмайды. Міндет орындалмаған жағдайда жобаны өзге инвесторға беру мәселесі қаралады», деді ол.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновке жобаның орындалуын ерекше бақылауға алу тапсырылды. Жаңа терминалдың ауданы 16,5 мың шаршы метр болады. Пайдалануға берілген соң, әуежайдың өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан
3 миллион жолаушыға дейін өседі. Кейін бұл көрсеткішті 6 миллион адамға жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. 

Жаңа мәдени және спорт орталықтары

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бой көтеріп жатқан Құрманғазы атындағы 1200 орындық концерт залының құрылысы да бақылауға алынды. Жалпы аумағы 50 мың шаршы метр болатын кешенде металл конструкцияларын монтаждау аяқталуға жақын. Нұрлыбек Нәлібаев мердігерлерге құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.

Бұдан кейін бірінші вице-премьер 12 мың орындық жаңа стадионның құрылыс алаңында болды. UEFA IV санатына сәйкес салынатын спорт кешені халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда футболдан бөлек регби мен америкалық футбол матч­та­рын қабылдайтын алаң қарас­ты­рылған. Трибуна астында күрес, бокс, теннис, велоспорт, йогаға ар­нал­ған арнайы залдар орналасады. 

Мұнай-газдан мұнай-химиясына дейін

Жұмыс сапарының өндірістік бөлігі Қашаған, Теңіз, KPI мен «Силлено» жобаларын қамтыды. Қашаған кен орнында жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыттың құрылысы жалғасып жатыр. Қазіргі кезде жобаның жалпы орындалуы 60,78 пайызға жеткен. Негізгі технологиялық жаб­дықтардың 98 пайызы жет­кізілген. Құрылыс алаңында 1500-ден астам адам еңбек етеді.

Теңіз кен орнында Үшінші буын зауыты іске қосылғалы тәуліктік мұнай өндіру көлемі 1 миллион баррельге дейін артқан. «Теңізшевройл» өткен жылы шамамен 1,3 миллион тонна сұйытылған газ бен 2,5 миллион тоннаға жуық күкірт өткізген. Нұрлыбек Нәлібаев компанияның өндірістік нәтижесін жоғары баға­лап, кәсіпорынның ұлттық эко­но­микадағы орны ерекше екенін айтты.

Кездесуде өндірістегі қауіпсіз­дік, жергілікті кадрларды даярлау, отандық кәсіпорындардың ірі жоба­лардағы үлесін кеңейту мәсе­ле­лері талқыланды. Сондай-ақ «Теңізшевройлға» кор­по­ративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында 12 мың орындық стадион құрылысына қатысу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. 

Терең өңдеу – жаңа басымдық

Келесі нысан – «Kazakhstan Petrochemical Industries» (KPI) зауыты. Полипропилен өндіретін кәсіпорын іске қосылғалы өндіріс көлемі бірнеше есе ұлғайған. 2022 жылы 32 мың тонна өнім шыға­рылса, өткен жылы бұл көр­сеткіш 375 мың тоннаға жетті. Биыл 450 мың тонна өндіру жоспар­лан­ған. Жиында технологиялық сенім­­ді­лікті күшейту, өнім түр­ле­рін көбейту, мұнай-химия сала­сын тереңдету мәселелері қарал­ды.

Бірінші вице-премьер «Силлено» полиэтилен зауыты­ның құрылысымен де танысты. Жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін кәсіпорын мұнай-химия кластерін қалып­тас­­тыруға арналған ең ірі жоба­лар­дың бірі саналады. «Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаев құрылыс-монтаж жұ­мыс­­тарының барысы жайлы баян­дады. Кәсіпорын іске қосылған соң, импорт көлемі қысқарып, қосылған құны жоғары өнім экспорты артады, жаңа жұмыс орындары ашылады. 

Жан-жақты даму бағыты

Атырауда жүзеге асып жат­қан жобалар бір ғана саланың мәселесін шешуге бағытталмаған. Жол құрылысы көлік байланысын күшейт­се, жаңа әуежай халықа­ра­лық қатынасты кеңейтеді. Мұнай-газ бен мұнай-химиясы өндірістің жаңа деңгейіне жол ашады. Мәде­ниет пен спорт нысандары өңір­­дің әлеуметтік әлеуетін арттырады.

Жұмыс сапарын қорытынды­ла­ған Нұрлыбек Нәлібаев мұнай-газ, мұнай-химиясы және инфра­құ­рылым жобалары экономи­каны әртараптандырудың, өнеркәсіптік қуат­ты күшейтудің, елдің ха­лықаралық бәсекеге қабі­летін арт­тыру­дың негізгі тетік­терінің бірі екенін айтты.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью