Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
2018 жылдан бері электронды төлем жүйесін енгізіп, жұмыс істеп келе жатқан SmartQala компаниясы қызметін тоқтатқан жоқ. Олар қаладағы жолаушылар тасымалына жауапты 7 мекемемен де жұмыс істейді. Қаладағы барлық автобуста Avtobys терминалы мен QR кодтар бар.
— Барлық қызмет түрі бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді. Әкімдікпен келісімшарт 2032 жылға дейін жасалған, автобустарда екі жүйе қатар жұмыс істей алады. Smart Qala карталары арқылы жеңілдіктер толық сақталады, картаны Jenil Avtobys сайты арқылы онлайн рәсімдеуге болады. Avtobys жүйесі Қазақстанның 27 қаласында және Қырғызстанда жұмыс істейді. Ал бұл жоба алғаш рет Атырау қаласында іске қосылған. Қазіргі таңда жолақыны QR-код немесе Bluetooth арқылы да оңай төлеуге мүмкіндік бар, — деді SmartQala компаниясы директорының орынбасары Ләззат Досмағамбетова.
Күні кеше автобустардағы SmartQala қондырғыларының жанына ONAY жүйесі орнатылды. Анығын айтқанда, қалаішілік жолаушылар тасымалына жауапты 7 парктың бесеуіне қарасты автобустарға 2 терминал қойылды. Қосымша QR кодтар бар. Сондай-ақ жүргізушінің көмекшісі ретінде арнайы планшет жұмыс істейді.
— Қазірге дейін оқушыларға 20 мыңнан астам карта таратылды, тағы 20 мыңға жуық өтінім өңделіп жатыр. Карталар басып шығарылып жатыр. Жеңілдік санатындағы азаматтар ХҚКО-да және жаңадан ашылған орталықта 10 минут ішінде карталарын рәсімдей алады. Оқушылар мен жеңілдік санатындағы азаматтарға алғашқы карта тегін беріледі. Ал стандартты картаның құны — 800 теңге, — деді «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС өңірлерді дамыту директоры Дәурен Сәбитов.
Атырау қалалық жолаушылар тасымалы мен автомобиль жолдары бөлімі қоғамдық көліктердің жұмысы мен ондағы төлем жүйесін бақылайды.
— Жолаушылар өздеріне тиімді төлем жүйесін таңдайды. Жаңа жүйенің тиімділігін көретін болармыз. Ең бастысы — қала тұрғындарына ыңғайлы болуы керек, — деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов.
Айта кетейік, бүгінде Атырау қаласында 300 автобус 40-қа жуық бағытта жолаушыларды тасымалдайды.
2 ай бұрын жаңа жүйенің жұмысы басталатыны жөнінде жазған едік.