Атыраудағы балалар лагеріне арналған резиденция: су тасқынынан кейін ашылуға не кедергі

29.04.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

2024 жылдың маусымында Атырау облысындағы бұрынғы президенттік резиденция аумағында балалар лагері ашылуы керек еді. Бірақ бұл жоспар іске аспады. 

Краткий пересказ текста от Tengri AI Этот текст сгенерирован ИИ

Атырау облысында бұрынғы президенттік резиденцияны «Жас дарын» балалар лагеріне айналдыру жоспарланған болатын. Оны 2024 жылдың 1 маусымында ашу жоспарланған еді. Бұған дейін бұл мақсаттарға — жабдықтар сатып алуға, жиһазға және аумақты абаттандыруға жүз миллион теңгеге жуық қаражат бөлінгені хабарланған болатын. Алайда, резиденция 2023 жылдан бастап облыстық білім басқармасының балансында болғанымен, лагерь әлі күнге дейін ашылмаған. Бұл кідірісті әкімдік 2024 жылғы су тасқыны кезінде аумақтың бір бөлігін су басқандығымен түсіндіреді — учаскені құрғатып, қорғаныс бөгетін салып, жобаны толығымен өзгертуге тура келген. Түзетілген жоба бойынша бұрынғы резиденция аумағында оқу орталығы, үш жатақхана, асхана, бассейн, спорт залы, стадион және басқа да нысандар болады. Әкімдік мәліметінше, құрылыс жұмыстарының бір бөлігі орындалып қойған. Бірақ мемлекеттік орган редакцияға жіберген фотосуреттерден терезелері мен есіктері жоқ бітпеген бетон корпустарды көруге болады. Бұл ретте суреттерде жұмысшылар да, техника да көрінбейді, ал аумақ кей жерлерде қараусыз қалғандай көрінеді. Әкімдік сондай-ақ болашақ лагерьдің рендерлерін де жіберді, бірақ олар құрылыстың нақты фотосуреттерінен айтарлықтай ерекшеленеді. Реконструкциялау және жаңа құрылыс жобасының жалпы құны шамамен бес миллиард теңгеге бағаланып отыр. Шенеуніктер жұмыстар әзірге мердігердің өз қаражаты есебінен жүргізіліп жатқанын айтады, бірақ компанияны және оның қатысу шарттарын атамайды. Құрылысты аяқтап, нысанды 2026 жылы пайдалануға беруге уәде беріп отыр. Сонымен қатар, әкімдік Атырау облысының қазіргі басшысы Серік Шәпкеновтың қызметтік тұрғын үйде тұратынын, оны күтіп-ұстау жергілікті бюджеттен төленетінін хабарлады.

Лагерьдің ашылуы қарсаңында ауқымды су тасқыны болды. Шенеуніктердің айтуынша, лагерь құрылысының әлі күнге дейін аяқталмауына резиденция аумағын су басуы себеп болған. Tengrinews.kz тілшісі мәселенің шын мәнінде тек су тасқынында ма екенін анықтап көрді.  

2023 жылдың ақпанында Қостанай, Тараз, Ақтау, Атырау және Ақтөбедегі президенттік резиденциялар "балалар игілігіне" берілді. Әкімдіктерге бұл нысандардың кімге - балабақшаларға, сауықтыру орталықтарына немесе басқа да мекемелерге тиесілі болатынын өз бетінше анықтау тапсырылды. 

Арада үш жыл өткенде бұл бастама қалай жүзеге асып жатыр? Tengrinews.kz редакциясы бұл бастаманың жүзеге асырылуын бақылап келеді және Жамбыл мен Қостанай облыстарындағы бұрынғы резиденцияларда арнайы балалар орталықтары ұйымдастырылғанын анықтады. Жергілікті аппараттар бізге фотосуреттерді ұсынып, облыс әкімдерінің қазір қайда тұратынын айтып берді. Бұл ретте Ақтөбе облысындағы резиденция балаларға бұйырмайтын болды.

Бұл материал топтаманың келесі бөлімі. Онда біз неге Атырау облысындағы резиденцияға балалардың әлі күнге дейін бара алмай жатқанын, оған 2024 жылғы су тасқыны қалай әсер еткенін және осы өңір басшысының қайда тұратынын зерттейміз. 

ОБСУЖДАЕТСЯ СЕЙЧАС

Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті

19 сәуір 22:47 1

Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне ресми түрде қосылу рәсімі Астанада өтуі мүмкін

27 сәуір 20:44 1

Қызылордадағы жол апаты: марқұмның отбасы Lexus жүргізушісі кінәлі болуы мүмкін екенін мәлімдеді

30 наурыз 15:27 1

96 миллион теңге және лагерьді жазға қарай ашу  туралы уәде 

Бұл өңірде бұрынғы президенттік резиденция Жайық өзені иінінде орналасқан. Нақтырақ айтсақ, бұл Махамбет ауданы Бейбарыс ауылына өте жақын жер. Оның аумағына Атырау - Орал тасжолынан кіруге болады. Бұл көрікті жер облыс орталығынан бірнеше ондаған шақырымда орналасқан.

Атырау облысындағы бұрынғы президенттік резиденция. "Яндекс Карты" сервисінен алынған спутниктік түсірілім

Резиденция аумағында су қоймасы, теннис корты және шамамен жеті корпус бар. Сондай-ақ маңайында алма бағы орналасқан.

Резиденциядан Жайық өзені жағасына дейін асфальтталған жол салынған. Жергілікті БАҚ ол жерде жеке жағажай жабдықталғанын жазған. 

Мұнда 300 балаға дейін сыйдыруға болады деп жоспарланған "Жас Дарын" оқу-сауықтыру балалар лагерін 2024 жылдың 1 маусымында ашу жоспарланған еді. Жергілікті шенеуніктер осы мерзімді атаған. Тіпті осы мақсатқа 96 миллион теңге бөлінгені де хабарланды.

2023 жылдың қыркүйегінде сол кездегі облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова резиденция аумағында "бау-бақша жұмыстары" жүріп жатқанын және нысан пайдалануға берілгеннен кейін онда 36 адам жұмысқа орналасатынын айтқан болатын.

Сол жылдың қазанын білім басқармасының баспасөз қызметі журналистерге әлгі 96 миллион теңгенің нақты не нәрсеге бөлінгенін түсіндірді. Бұл бюджет аясында лагерьде жұмыс істеу үшін арнайы штат бекітілгені, қажетті шаруашылық құрал-саймандары, соның ішінде абаттандыруға арналған жабдықтар сатып алынғаны, сондай-ақ жасыл желектерді суарудың ескірген жүйесі (сорғылар) ауыстырылып, сыртқы бейнебақылау камералары алынғаны айтылды.

Бұдан бөлек, жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, 100 балаға арналған 75 компьютер, парталар мен орындықтар сатып алынған. Бұл мақсатқа 76 миллион теңге бөлінген.

Бірақ 2024 жылдың маусымында бұрынғы президенттік резиденция аумағындағы балалар лагері ашылмады. Арада үш жылдан астам уақыт өтсе де, ол әлі күнге дейін ашылған жоқ.

Су басқан резиденция

Tengrinews.kz редакциясы бұрынғы резиденцияның қазіргі жай-күйін білу үшін Атырау облысы әкімдігіне ресми сауал жолдады.

Алынған жауапта 2023 жылдың ақпанынан бастап бүгінге дейін резиденция мүлкімен қоса Атырау облыстық білім басқармасына қарасты "Таланттарды анықтау және қолдау орталығы" КММ балансында екені айтылған.

Дегенмен, 2026 жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша балалар лагері "іс жүзінде пайдаланылмайды". Әкімдік бұны құрылыс-монтаждау жұмыстарының әлі де жалғасып жатқанымен түсіндіреді:

"Жобаға енгізілген өзгерістерге байланысты жобалық құжаттарды қайта ресімдеу үшін қосымша уақыт қажет болды", - деп хабарлады мемлекеттік орган.

Ал жобаның өзгеруіне 2024 жылғы ауқымды су тасқыны себеп болған. Резиденция аумағының бір бөлігін су басқаны анықталды.

"Осыған байланысты аумақты құрғатуға, қорғаныс бөгетін тұрғызуға және жобаға өзгерістер енгізуге уақыт қажет болды", - делінген біздің сауалымызға берілген жауапта.   

Анықтама: 2024 жылдың көктемінде Қазақстанның бірнеше өңірі жойқын су тасқынынан зардап шекті. Олардың қатарында Атырау облысы да болды. Мұнда су тасқынынан бірнеше ауданның 2650-ден астам тұрғыны зардап шекті. Су қайтқаннан кейін төрт нысан апатты жағдайда деп танылды: Жылыой аудандық білім бөлімінің ғимараты, бір балабақша және екі мектеп. Су басқан нысандардың арасында бұрынғы президенттік резиденцияның болғаны туралы БАҚ-та хабарланған жоқ. Төтенше жағдай салдарын жою шараларына 2,3 миллиард теңге бөлінді. Тағы 2,4 миллиард теңге Жайық өзені сағасында түбін тереңдету жұмыстарына жұмсалды.

Сондай-ақ бұрынғы резиденция орнындағы балалар лагерінің түзетілген жобасында келесі нысандар қарастырылғанын анықтадық:

оқу орталығының құрылысы; әрқайсысы 50 орындық үш жатақхана ғимаратының құрылысы; галерея, визит-орталық, әкімшілік-медициналық орталық құрылысы; асхана, бассейн, гараж құрылысы; жабық спорт залы мен мінбелері бар ашық стадион салу; тасқын судан қорғау үшін жота етегіндегі арық жүйесін орнату; қолданыстағы ғимараттарды күзет бекеті мен серверлік бөлмеге, қонақ үйге, конференц-залға, жаттықтырушылар үйіне, жатақхана мен үйірме корпусына қайта жабдықтау.

Алдыңғы жоспармен салыстырсақ, 2023 жылы 300 орындық жатақхана салу көзделген еді, ал қазіргі деректер біршама өзгеше.

Сондай-ақ біз әкімдік қызметкерлерінен бұрынғы резиденция аумағы мен ғимараттарының соңғы суреттерін жіберуді сұрадық. Жіберілген файлдардың арасында қазір бар құрылыстардың суреттері болды:

Фото: Атырау облысы әкімдігі 

Суреттерден бұрынғы резиденция аумағында бөренеден салынған үйлер бар екенін көрдік:

Фото: Атырау облысы әкімдігі 

Фото: Атырау облысы әкімдігі 

... Және сәулеті тойханаға ұқсайтын ғимарат:

Фото: Атырау облысы әкімдігі 

Сыртқы жағынан түсірілген суреттерге қарап, бұл ғимараттарға жөндеу жүргізілген-жүргізілмегенін айту қиын. Ал олардың ішкі көрінісінің фотосуреттерін әкімдік ұсынбады.

Дегенмен, аумақта бөренеден жасалған бірнеше күрке бар екенін білдік:

Фото: Атырау облысы әкімдігі 

Фото: Атырау облысы әкімдігі 

Сондай-ақ 2023 жылы айтылған аумақты абаттандыру жұмыстарының жүргізілгенін де дөп басып айту қиын. Фотоға қарағанда, төсеніш тастардың арасынан арамшөп шығып, жарықшам бағандары қисайған, түскен жапырақтар тазартылмаған. 

Терезесіз бетон қорап: қазіргі құрылыс барысы

Сонымен қатар бізге болашақ балалар лагерінің аяқталмаған корпустарының фотосуреттері ұсынылды. Бұл есік-терезесі жоқ бетон қораптар:

Фото: Атырау облысы әкімдігі 

Кейбір жерде шатыр жабылғанын көруге болады:

Фото: Атырау облысы әкімдігі 

Кей жерле шатыр әлі жабылмаған. Бірақ болашақ бассейн орны дайындалған:

Фото: Атырау облысы әкімдігі 

Бір қызығы: суреттерден не техниканы, не құрылысшыларды, не олардың құрал-жабдықтарын көрмедік. 

Фото: Атырау облысы әкімдігі 

Бұл ретте әкімдік құрылыс жұмыстары барысын былай сипаттайды:

оқу орталығы: іргетасы - 100 пайыз, қабырғасын қалау - 100 пайыз, шатыры - 80 пайыз; үш жатақхана ғимараты: іргетасы - 100 пайыз, қабырғасын қалау - 100 пайыз, шатыры - 80 пайыз; галерея: іргетасы - 100 пайыз, қабырғасын қалау - 100 пайыз, шатыры - 80 пайыз; визит-орталық: іргетасы - 100 пайыз, қабырғасын қалау - 60 пайыз; әкімшілік-медициналық орталық: іргетасы - 100 пайыз, қабырғасын қалау - 80 пайыз; асхана: іргетасы - 100 пайыз, қабырғасын қалау - 80 пайыз; бассейн: іргетасы - 100 пайыз, табанын орнату бойынша бетон жұмыстары 100 пайыз орындалды; жота етегіндегі арық - 80 пайыз.

Шенеуніктердің айтуынша, құрылыс жұмыстарын аяқтау және нысанды пайдалануға беру биылғы жылға жоспарланған.

Бұл қанша тұрады және қалай көрінеді?   

Сондай-ақ әкімдік сауалға берген жауабында балалар лагері жобасының рендерін жіберді. Енді біз құрылыс аяқталған жағдайда оның қандай болатынын көре аламыз.

Суретті Атырау облысы әкімдігі ұсынған

Бізге жіберілген суреттердің бәрі экологиялық құрылысқа ұқсайды - нысандар ағаштан жасалған, үйреншікті іргетасқа емес, қадаға орнатылған. Алайда жоғарыдағы фотосуреттерден біз күрделі бетон конструкцияларын көрген едік.

Суретті Атырау облысы әкімдігі ұсынған

Рендерді зерделеу барысында үйшіктердегі төбеге дейін жететін панорамалық терезелерге де назар аударуға болады. Бірақ нақты фотосуреттерден мұндай сәулеттік шешімдерді байқамадық.

Суретті Атырау облысы әкімдігі ұсынған

Сонымен қатар рендерден бұған дейін сөз болған бассейнді көре алмадық.

Суретті Атырау облысы әкімдігі ұсынған

Бірақ көлге баратын жолды әлдебір себеппен қоршаумен толықтай жауып тастаған. 

Суретті Атырау облысы әкімдігі ұсынған

Суретті Атырау облысы әкімдігі ұсынған

Орынды сұрақ туындайды: мұның бәрі қанша тұрады? Әкімдік өкілдері реконструкциялау мен жаңа құрылыс жобасының жалпы құны "шамамен бес миллиард теңге" дейді. 

"Нысанды реконструкциялау және жаңа құрылыс бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары мердігердің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі кезеңде бұл жұмыстарға бюджет қаражаты жұмсалып жатқан жоқ", - делінген біздің сауалымызға берілген жауапта.

Алайда бұл нысанға мердігер ретінде таңдалған компанияның атауы көрсетілмеген. Сондай-ақ оның жобаға өз қаражатын қандай шарттармен салуды ұйғарғаны және оның орнына не алуы мүмкін екені белгісіз.

Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов қайда тұрады?

Материалдардың бұл топтамасында біз дәстүрлі түрде облыс әкімдіктері баспасөз қызметінен өңір басшыларының қайда тұратынын сұраймыз. Атырау облысының қазіргі әкімі Серік Шәпкеновтің тұрғылықты жері туралы сұрақ та өздігінен туындайды.

Облыс әкімшілігі бізге қысқа қайырып, егжей-тегжейіне тоқталмады:

"Облыс әкімі белгіленген тәртіппен берілген қызметтік баспанада тұрады. Нысанды күтіп ұстау тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджетте қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырылады".

Бұл ретте жағдай Ақтөбе облысынан мүлдем өзгеше. Онда бізге өңір әкімі Асхат Шахаровтың 2012 жылдан қазіргі уақытқа дейін жеке пәтерінде тұратынын хабарлаған болатын. Демек, оның қызметтік баспанасына бюджеттен ақша жұмсалмайды.

Тағы оқыңыз:

Жамбыл облысындағы президент резиденциясының қазіргі жағдайы қандай: онда әкім тұра ма?

Көл, бассейн, сауна. Қостанай облысындағы бұрынғы президенттік резиденцияның қазіргі жай-күйі қандай?

Ақтөбе облысындағы резиденция неге балалар игілігіне берілмеді?

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью