Azh.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Қазақстан Жоғарғы соты Жеңіс саябағындағы қайғылы оқиғадан кейін сотталған мүсінші Дмитрий Баймұқашевке қатысты үкімді жойып, айыптаудың негізіне алынған негізгі сараптаманы жарамсыз деп таныды.
13 мамырда Жоғарғы соттың сот алқасы Баймұқашевтің кассациялық шағымын ішінара қанағаттандырды. Атырау қалалық сотының үкімі мен облыстық соттың қаулысы күшін жойды. Іс қайта қарау үшін Атырау облыстық сотына жіберілді.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың маусымында Жеңіс саябағында болды. Қатты жел кезінде Ұлы Отан соғысы қаһармандарының бірінің бюсті құлап, астында қалған 7 жасар Айару қаза тапты. Ол бірнеше күн бұрын ғана бірінші сыныпты аяқтаған еді. Әкесі Айдос Сабыров пен ағасы да жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қыз бала облыстық балалар ауруханасында көз жұмды.
Тергеу ескерткіштерді қала әкімдігінің тапсырысы бойынша мердігер ұйым орнатқанын анықтады. Құрылыс-техникалық сараптамаға сәйкес, монтаж кезінде құрылыс нормалары өрескел бұзылып, соның салдарынан құлаған.
2025 жылғы 17 шілдеде Атырау соты Оралдан келген мүсінші Дмитрий Баймұқашевті кінәлі деп танып, оған 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұдан бөлек, сот оны жәбірленушілерге моральдық зиян үшін әрқайсысына 10 миллион теңгеден өтемақы төлеуге, сондай-ақ емдеу шығындарын өтеуге міндеттеді.
Алайда Баймұқашев бірінші және екінші инстанция соттарының шешімдерімен келіспей, Жоғарғы сотқа жүгінді.
Кассациядағы негізгі мәселе тергеу барысында жүргізілген құрылыс-техникалық сараптама болды. Қорғау тарапының айтуынша, қорытынды жасаған маман мұндай сараптаманы жүргізуге құқығы болмаған.
Адвокаттар бұл туралы алғашқы сотта да, апелляцияда да бірнеше рет айтып, қорытындыны дәлел ретінде жарамсыз деп тануды талап еткен. Алайда қалалық және облыстық соттар бұл уәждерге мән бермей, өтініштерді қанағаттандырмаған.
Дмитрий Баймұқашевтің адвокаты Сәкен Жүнісбековтің айтуынша, кассациялық инстанция қорғау тарапының уәждерімен келісіп, сараптаманың сот-сараптама қызметі туралы заңнаманы бұза отырып жүргізілді деп таныды.
— Кассациялық инстанция соты аталған сараптамалық қорытындыны жарамсыз деп таныды, себебі сараптаманы жүргізген тұлғаның құрылыс-техникалық сараптама жасауға қажетті сертификаты, біліктілігі және лицензиясы болмаған, — деді адвокат.
Оның айтуынша, тергеу бұл “сарапшыны” іске қалай тартқанын түсіну қиын болып отыр.
Жүнісбеков сондай-ақ қажетті өкілеттігі жоқ адамның жасаған қорытындысы дәлелдердің жарамдылығы мен сенімділігі талаптарына сәйкес келмейді деп атап өтті. Соған қарамастан, дәл осы қорытынды сот шешімдерінің негізіне алынған.
Бұған дейін апелляцияда қорғау тарапы Баймұқашевтің бюстті орнату жұмыстарына қатыспағанын, мердігерлердің лицензиясы болмағанын, ал нысанның өзі қала балансында тұрмағанын атап өткен. Алайда ол кезде облыстық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
— Ешбір шенеунік жауапкершілікке тартылған жоқ. Ал монтажға мүлде қатыспаған адам нақты мерзім алды, — деген еді бұрын мүсіншінің екінші адвокаты Талғат Дәулетов.
Айнұр САПАРОВА
Бүгін, 22:30