Атыраудағы күкірт иісі: екі ведомствоның деректері сәйкес келмеді ​

26.01.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Атырау қаласының тұрғындары ауадағы өткір иіске байланысты шағымданғаннан кейін өнеркәсіптік аймаққа жақын орналасқан аудандарда тексерістер жүргізілді. Алайда жарияланған мониторинг нәтижелері бір-біріне сәйкес келмей, атмосфералық ауаның жағдайына қатысты бағалауда айырмашылықтар байқалды. Бұл жағдай ластану көзі туралы сұрақты ашық күйінде қалдырды.

Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өнеркәсіптік нысандарға жақын аумақта жүргізілген өлшеулер кезінде күкіртсутек пен көміртек тотығының шекті мөлшерден асқаны анықталды. Бұл сынамалар Алғабас ауылының тұрғындарынан түскен шағымнан кейін алынды. Сая бау-бақша қоғамына қарайтын ауыл тұрғындары ауадағы күкірт иісіне шағымданған болатын.

Департамент деректеріне сәйкес, Мирный мен Водник ықшам аудандарында, сондай-ақ «Сасықсай» булану алаңында шекті мөлшерден асқаны анықталды. Өлшеу кезінде жел солтүстік-шығыс бағытынан соққан.

Ал бұған дейін «Қазгидромет» Атырау облысы бойынша 19–25 қаңтар аралығында жүргізген мониторинг қорытындыларын жариялаған еді. Бұл мәліметтерге қарағанда, қаладағы бірқатар аумақтарда күкіртсутектің концентрациясы рұқсат етілген нормадан 36 есеге дейін асып кеткен.

Атап айтқанда, қала маңындағы Тасқала (Алғабас) ауылында көрсеткіш нормадан 17,5 есе, ауылға іргелес аумақта — 15 есе, ал Химпосёлок ауданында — 36,3 есе асып түскен. Өлшеулер Кеңөзек ауылдық округіне қарасты Тасқалада, оған жақын аумақтарда және Химпосёлок ауданында жүргізілді. «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, сол кезеңде жел солтүстік және солтүстік-шығыс бағытынан соққан.

Өз кезегінде «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС атмосфералық ауада зиянды заттардың артық мөлшері анықталмағанын мәлімдеді. Кәсіпорынның баспасөз қызметі тұрғындар көрген түтін тәрізді көріністің шын мәнінде су буының түзілуімен байланысты екенін түсіндірді. 

«Отынды жағу арқылы қыздыру және кейін суық ауамен жанасқанда салқындау процесінде су буы түзіледі. Қыс мезгілінде ол түтін ретінде қабылдануы мүмкін, бірақ бұл жану өнімдері немесе атмосфералық ауаны ластаушы зат емес», — деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Ал күкіртті иіске қатысты шағымдарға байланысты зауыт зертханасы 25 қаңтарда жүргізілген өлшеулерде зиянды заттардың шекті мөлшерден асуы анықталмағанын атап өтті. Өлшемдео кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағында, зауыттың батыс және оңтүстік-батыс бөлігінде, жел солтүстік-шығыс бағыттан соғып тұрғанда жүргізілген.

Кәсіпорынның деректеріне сәйкес, өлшеу нәтижелері мынадай болды:

Күкіртсутек — 0,00002 мг/м³ (норма 0,008 мг/м³); Көмірсутектер С6–С10 — 0 (норма 30 мг/м³); Көмірсутектер С12–С19 — 0 (норма 1 мг/м³); Бензол — 0 (норма 0,3 мг/м³); Ксилол — 0 (норма 0,2 мг/м³).

Атырау мұнай өңдеу зауытының мәліметінше, кәсіпорын қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Тәуліктік мұнай өңдеу көлемі — 16 200 тонна.

Мамандардың айтуынша, солтүстік және солтүстік-шығыс бағыттағы жел кезінде өнеркәсіптік аймақтан солтүстікке қарай орналасқан басқа да көздер жақын маңдағы елді мекендердің ауа сапасына ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты көпшілік арасында «Квадрат» булану алаңдары ықтимал себеп ретінде аталып жүр.

Алайда бұл нысанның қазіргі жағдайға ықпалы туралы ресми түсініктемелер әзірге берілген жоқ. Сондықтан мониторинг деректеріндегі айырмашылықтар мен ауадағы күкірт иісінің нақты көзі әлі де ашық күйінде қалып отыр.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 17:41

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью