Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Зардап шеккендердің бірі Назакат Атабабаеваның сөзінше, көпір үстіндегі шұңқырдағы электр желілері ашық жатқан. Өтіп бара жатқан кезде мұншалықты қауіптің боларын білмей желіні басқан. Салдарынан тоқ соққан.
— Алғашында электршоккер соққандай күйге түстік. Бұл жағдайға дейін қолымда темір болды. Ол 6 ай тұру керек еді. Қолым ісіп, көгеріп ауырған соң ауруханаға келіп алдырып тастадым. Тіпті әжетханаға да бару қиындады. Аяғымдағы тамырлар ауырсынып, жүру қиынға соқты, — деді 17 жастағы тұрғын Назакат Атабабаева.
Зардап шегушінің сөзінше, алғашқы медициналық көмек көрсеткен кезде дәрігерлер үстерінен өрттің иісі шығып тұрғанын айтқан. Жалпы бұл жағдайдан кейін екі азаматтың денсаулығы сыр берген. Олар оқыс оқиғаға жол берген кінәлілер анықталып, жауапкершіліктен қашып құтылмаса екен дейді.
Атырау қаласы әкімдігінің өкілдері болса кінәлілер сот арқылы анықталады, зардап шеккендер медициналық сараптаманы негізге алып, шағымдана алады деп отыр.
— Азаматтардың денсаулығына байланысты шағымы болса медициналық сараптаманы негізге алып, сотқа жүгінеді. Соттың шешімін әкімдік орындауға міндетті. Жалпы бұл жағдай электр желілерінің қысқа тұйықталуынан болған, — деді Атырау қаласы әкімдігінің ресми өкілі Ғасырбек Төлеген.
Атырау облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, осы оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық кодекстің 306-бабы, яғни қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету бойынша іс тергеліп жатыр. Қазіргі уақытта күдікті тарапты анықтау жұмысы жүріп жатыр.
Бұған дейін Павлодар облысында дауылдан екі әйел зардап шеккені жөнінде жазған едік.