Zakon.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Сот Сұлтан Сәрсемәлиевті ауырлататын мән-жайларда екі және одан да көп адамды өлтіргені, сондай-ақ ұрлық, алаяқтық, мал ұрлау және құжаттарды заңсыз жасырғаны үшін кінәлі деп таныды.
Әрбір қылмыстық құқық бұзушылық бойынша жеке жаза тағайындалып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Жаза мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі. Сонымен қатар сот оның 2026 жылғы 8 наурыздан бері қамауда болған уақыты жаза мерзіміне есептелетінін көрсетті.
Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын да қанағаттандырды. Үкімге сәйкес, сотталғаннан Атырау облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің пайдасына 776 311 теңге көлемінде материалдық залал өндіріледі.
Сондай-ақ жәбірленуші Әдемі Шілмағамбетоваға 40 миллион теңге мөлшерінде моральдық зиянның өтемақысын төлеу міндеттелді.
Бұдан бөлек, сот үкімімен сотталғаннан Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 117 960 теңге, мемлекет кірісіне 9 926 теңге мемлекеттік баж және 2 512 128 теңге көлемінде процестік шығын өндірілетін болды.
Еске салайық, қайғылы оқиға Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында болған. Қылмыс салдарынан сотталушының бұрынғы жұбайының төрт туысы қаза тапты. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл іс бірнеше ай бойы сотта қаралды.