Атыраудағы шаңды дауылға себеп болған 4 учаске анықталды

27.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Экология департаменті басшысының орынбасары Ерлан Есеновтің айтуынша, теңіз деңгейінің төмендеуі салдарынан бұрын су астында болған аумақтар ашылып қалған. 

– Каспий теңізінің деңгейі төмендеген сайын бұрын су астында жатқан жерлер құрғап, олардың бетінде тұз бен ұсақ құм жиналды. Желдің әсерінен бұл бөлшектер ауаға көтеріліп, қала аумағына таралуда. Бұл экологиялық жағдайдың күрт нашарлауына әсер етті, - деді ол.

Қазіргі уақытта жағалау аймағы мен қала аумағындағы топырақтан сынама алынып, кешенді зертханалық сараптамалар басталды. Нәтижесі табиғи құбылыстың нақты себептерін анықтауға мүмкіндік бермек.

Фото: Атырау облысы әкімдігінен

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, қалада шаңды тұманның қалыптасуына теңіз жағасында анықталған 4 учаске әсер етуі мүмкін. Өйткені, ол аумақтарда қамыс сияқты өсімдіктер жоқ. Әкімдік өкілдерді ауаға көтерілетін шаң мен тұз көлемін азайту үшін ылғалдандыру технологиясының қарастырылып жатқанын айтты.

– Алдын ала мәліметке сәйкес, жел оңтүстік-шығыстан соққанда қалада шаң пайда болып тұр. Зерделей келе қаланың оңтүстік-шығыс бағытынан сорлы аймақтар анықталды . Сор деуге де келмейді, бұл жерде топырақтың құрамы – жеңіл. Қатты жел күні осы жердегі топырақ қалада шаңның пайда болуына әсер етеді. Бұл жерде өсімдік жоқ. Осындай аймақтарда өсімдік болса шаңды ұстар еді. Теңіз тартылып жатқандықтан мұндай учаскелер көбейіп келе жатыр. Біздің мақсат учаскелерді анықтап , шаңды тоқтату шараларын қолға алып жатырмыз, - деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Фото: Атырау облысы әкімдігінен

Осы жердегі топырақтың құрамы қаладағы шаңның құрамымен сәйкес келетін болса жоспар жасалып, іске көшеміз дейді шенеуніктер. Құрғап қалған аумақтардың қасында каналдар жүріп жатыр. Өсімдіктер еккен жағдайда суару мәселесі туындамайтын көрінеді.

Айта кетейік, өңірде қалыптасқан жағдайға байланысты себептерді анықтау мақсатында жұмыс тобы құрылды, Каспий теңізінің тартылған аумақтарына әуеден мониторинг жүргізілді. Жұмыс тобының құрамына облыс әкімдігі, экология департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және қоршаған ортаны қорғау саласының мамандары кіреді. 

Бұған дейін облыс әкімдігі 2026 жыл құм көшкініне қарсы сексеуіл немесе жыңғыл егу жұмыстары жүргізбейтінін жазған едік.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью