Атыраудағы стратегиялық жолдарда ауқымды жөндеу жұмысы жүріп жатыр

17.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Қазіргі таңда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының тапсырысымен өңірдегі стратегиялық маңызы бар бірнеше республикалық жолда ауқымды жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жобалар заманауи технологияларды қолдану арқылы жолдардың техникалық жай-күйін жақсартып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Ірі жобалардың бірі – республикалық маңызы бар KAZ12 «Атырау – Орал» автомобиль жолының 95–189 шақырым аралығын орташа жөндеу. Жоба аясында жол жабыны суық ресайклинг әдісімен жаңғыртылып, асфальтбетонның төменгі және жоғарғы қабаттары төселеді. Сонымен қатар жол жиектері нығайтылып, жол белгілері жаңартылып, жаңа жол таңбалары салынады.

Жоба биыл басталып, жұмыстар өндірістік кестеге сәйкес жүргізіліп отыр. Бүгінге дейін 241 280 шаршы метр жол жабыны фрезерленіп, 107 769,8 шаршы метр аумақта суық ресайклинг технологиясы арқылы жол негізі қайта жаңғыртылды. Бұдан бөлек, 5,776 шақырым учаскеге ірі түйіршікті асфальтбетонның төменгі қабаты төселіп, 5 шақырым жол жиегі топырақпен нығайтылды.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар «Мұқыр – Құлсары» автомобиль жолының 1–136 шақырым аралығында да орташа жөндеу жалғасуда. Өткен жылы басталған жоба аясында жол конструкциясын күшейту, асфальтбетонның төменгі және жоғарғы қабаттарын төсеу, жол жиектерін нығайту және жолдың көлік-пайдалану көрсеткіштерін жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта бұл жолда асфальтбетонның төменгі қабаты 117,57 шақырымға, ал жоғарғы қабаты 86,8 шақырымға төселді. Жобаны құрылыс маусымының соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Жөндеу барысында заманауи жол-құрылыс технологиялары мен сапалы материалдар қолданылған. Әр кезең техникалық және авторлық қадағалаудан өтіп, пайдаланылатын құрылыс материалы зертханалық сынақтар арқылы тексеріледі.  Қазір мердігер ұйымдар қажетті техника мен мамандарды толық жұмылдырып, жұмыстарды жоспарға сай жүргізіп жатыр. Асфальтбетон зауыттарының толық қуатта жұмыс істеуі жол төсеу қарқынын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Жөндеу кезеңінде көлік қозғалысы уақытша ұйымдастырылған сызба бойынша жүзеге асырылады. Осыған байланысты жүргізушілерден уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтап, жылдамдықты төмендету және жол-құрылыс техникасына ерекше назар аудару сұралады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалы өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың сапасын арттыру және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Мамандардың айтуынша, жүзеге асырылып жатқан жобалар жол қозғалысының қауіпсіздігін күшейтіп, тұрғындардың қатынасын жеңілдетуге және өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью