Атыраулық полицей Нидерланд турисінің мотоциклдерін екі жыл сақтаған

04.06.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Полиция қызметінің міндеті тек қоғамдық тәртіпті қадағалау мен құқық бұзушылықтың алдын алумен шектелмейді. Кейде олардың әрекеті адамгершілік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісіне айналады. Мұндай оқиғалардың бірі Атырау облысында орын алды.

Үш жыл бұрын Аққыстау ауылы маңында Нидерланд азаматы жол апатына ұшырап, ауыр жарақат алды. Ұлымен бірге мотоциклмен әлемді аралап жүрген саяхатшыға шұғыл медициналық көмек қажет болды. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері қажетті көмекті ұйымдастырып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Сол кезде шетелдік азамат өзіне аса қымбат екі мотоциклін уақытша сақтап беруді өтінген.

Бұл өтінішті қабылдаған полиция капитаны Ернар Қайржанов көліктерді аманат ретінде өз жауапкершілігіне алды. Уақыт өте келе байланыс үзілгенімен, ол мотоциклдерді сол күйінде сақтап келген.

Арада екі жылдан астам уақыт өткен соң саяхатшы қайта хабарласып, Қазақстанға келетінін жеткізді. Оның басты мақсаты – өмір жолының бір бөлігіне айналған мотоциклдерін қайтарып алу еді.

Кездесу сәті ерекше әсерлі болды. Ұзақ уақыттан кейін көліктерін көрген шетелдік азамат пен оның ұлы қуаныштарын жасырмады. Олар үшін бұл мотоциклдер жай ғана көлік емес, бірге өткерген сапардың естелігі болатын.

– Әр адамның өмірінде құндылық әртүрлі. Бұл мотоциклдердің иесі үшін маңызы зор екенін түсіндім. Қазақ халқы аманатты қастерлейді. Сеніп тапсырылған дүниені аман-есен қайтару – азаматтық борышым деп санадым, – деді полиция капитаны Ернар Қайржанов.

Шетелдік саяхатшы қазақстандық полицейдің жауапкершілігі мен қамқорлығына ризашылығын білдіріп, бұл оқиғаның Қазақстан туралы ең жылы естеліктерінің бірі болып қалатынын атап өтті.

Бүгін, 15:03

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью