Ауа райының күрт нашарлауына байланысты Ақмола облысындағы көлдерден демалушылар мен балықшы эвакуацияланды

22.07.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Ақмола облысында құтқарушылар ауа райының қолайсыздығына байланысты көлдерден жеті адамды эвакуациялады. Қатты жел салдарынан биік толқын көтерілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жел мен толқын кесірінен демалушылар Бурабай көлінде жағаға өз бетінше жете алмай, құтқарушыларды шақырған.

"Бурабай көлінде акваторияны патрульдеу барысында жағадан 800 метр қашықтықта ТЖМ жедел-құтқару жасағының құтқарушылары резеңке қайықпен 6 адамды, оның ішінде бір емізулі сәбиді қауіпсіз жағаға жеткізді. Демалушылар құтқару кеудешелерін киген, медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ", - деп хабарлады Ақмола облысы ТЖД.

Сонымен қатар Щучинскідегі Щучье көлінде акваторияны патрульдеу барысында құтқарушылар бір шақырым қашықтықта резеңке қайықтағы балықшыны байқаған.

"Ер адам жағаға өз бетінше қайта алмай қалған. Ол құтқару кеудешесін киген, медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ", - деп нақтылады ведомство.

Құтқарушылар су айдынына шығар алдында жүзу құралының техникалық жағдайын тексеру, байланыс құралдары мен құтқару кеудешелері болуы қажет екенін ескертті.

Бұған дейін Ақмола облысында 22 шілдеге ескерту жарияланған болатын - жаңбыр жауып, күн күркіреп, облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында кей уақытта нөсер жаңбыр, күндіз бұршақ жауып, дауыл тұруы мүмкін. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік бағытқа ауысып, облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью