“Ауаны пакетке салып алады“. Қазақстандықтар Зерендіні жаңа қырынан танып жатыр

18.08.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Биыл Қазақстанда жаз ерекше ыстық болды. Соған байланысты тек кондиционерлерге емес, шомылуға болатын су айдындары жағасындағы демалысқа да сұраныс жоғары. Астана мен Көкшетау тұрғындары әдеттегідей Шортанды-Бурабай курорттық аймағына ағылды. Бірақ бұл жер бәрінің бірдей көңілінен шыға бермейді: бірін жағажайдағы халықтың көптігі үркітсе, енді біріне танымал курорт жай ғана жалықтырып жіберген. Жаңа демалыс орындарын іздеген елорда мен облыс орталығының тұрғындары Зеренді ауылын аша бастады.

Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін

Астана мен Көкшетау тұрғындары жазғы демалыс үшін адам көп жиналатын Бурабайдан гөрі тыныш Зерендіні жиі таңдайтын болған. Tengrinews.kz тілшілері ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, оның туристер арасында неге танымал болып жатқанын білу үшін сонда барып қайтты. Зерендінің тарихына 200 жылдан асқан, бүгінде мұнда жеті мыңға жуық адам тұрады, ал елді мекен бірден бірнеше бағытта дамып келеді. Соның бірі — спорт: бір жыл бұрын мұнда заманауи балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Ол бұған дейін Қазақстаннан заңсыз шығарылып, кейін мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған. Туристерді Зерендіге көл, орман, Смольная шоқысы, жағажайлар және қалың топтан алыс жерде демалу мүмкіндігі қызықтырады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қонақтар еліміздің түкпір-түкпірінен келеді, тіпті кейбіреулер қалжыңдап Зерендінің таза ауасын пакеттерге салып алып кетеді. Сонымен қатар, туристер ағынының артуы жаңа мәселелерді де тудырады — мысалы, орманды өрттен қорғау және қоқыспен күресу өзекті бола түсуде. Бұл үшін ауылдың жанында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша ірі кешен салынып жатыр. Ал өрттің алдын алуды мұнарашы (вышкарь) сияқты мамандар қадағалайды. Зеренді тілшілерді тағы несімен таңғалдырды, неге оны Бурабайдан жиі артық көреді және Қазақстанға қайтарылған активтер мұнда қалай пайдаланылуда — репортаждың толық нұсқасынан оқыңыз.

Tengrinews.kz тілшілері бұл қандай елді мекен, ондағы халық қалай тұрып, қалай демалатынын білу үшін сол жаққа баруды жөн көрді. Ал іссапар барысында Қазақстанға қайтарылған, заңсыз шығарылған активтерге қатысты қызықты мәліметтерге қанықты.

Бұл репортаждың видеонұсқасын біздің Tengri TV YouTube-арнасынан көре аласыздар:


Зеренді - 200 жылдан астам тарихы бар ауыл: оның шежіресі қазақ көшпелілерімен, Абылай хан дәуірімен, казак станицасының пайда болуымен және кейінгі тың игеру кезеңімен тығыз байланысты.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Қазір мұнда жеті мыңға жуық адам тұрады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Тұрғын үй қоры негізінен жеке сектордан тұрады, бірақ көпқабатты үйлер де бар.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Бүгінде ауыл мен округ үш бағытта дамып келеді: спорт, туризм және ауыл шаруашылығы. Біз соның екеуін зерттедік. Сөзді спорттан бастайық.

Осыдан бір жыл бұрын мұнда рекордтық алты ай ішінде салынған мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (БЖСМ) ашылды.

Қазақстанға қайтарылған активтерге салынған БЖСМ. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Бұл нысан мемлекетке қайтарылған, кезінде шетелге заңсыз шығарылған активтер есебінен тұрғызылды.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Қайтарылған активтерге жүзеге асырылған барлық жобалар сияқты, бұл құрылысты да Бас прокуратура қадағалады. Бұл орган елге қайтқан қаражатты игерудің өзіндік операторы саналады.

Қазір каникул мен демалыс маусымы болғандықтан, мектептен балаларды кездестіре алмадық, бірақ ғимарат ішін аралап көрдік. Мұнда күрес пен бокс залдары, жаттығу бөлмелері және жатақхана корпусы бар. Бәрі де қолайлы әрі заманауи көрінеді.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Ауданда мұндай нысанның іске қосылуы - тек жергілікті емес, жалпы қазақстандық жас спортшылар үшін маңызды оқиға.

"Балалар оқу-жаттығу жиындарына келіп, бізге тоқтай алады - мұнда төсек-орын, жуынатын бөлмесі бар бөлмелер қарастырылған, - дейді спорт жөніндегі әдіскер Болатбек Қайырбеков ғимаратты таныстырып жатып. - Бұрын балалар БЖСМ-нің ескі ғимаратында жаттығатын, ол кішкентай әрі барак типтес нысан болатын".

Болатбек Қайырбеков, Зерендідегі БЖСМ спорт жөніндегі әдіскері. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Ал қазір барлық жағдай жасалған, деп қосты сұхбаттасушымыз:

"Ең бастысы - нәтиже көрсетіп, жаттығуға деген құлшыныс болуы керек. Бізде самбодан, қазақ күресінен облыс чемпиондары бар, балаларымыз жүлделі орындар алып жүр. Шаңғышыларымыз да облыстық және республикалық деңгейде алдыңғы қатарда".

Мектептің дәл қасында шаңғы базасы орналасқан - бұл БЖСМ аясында спорттың осы түрін дамыту үшін таптырмас мүмкіндік.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Нысанды аралап көрген соң, Зерендіде спортпен шұғылдануға жасалған жағдай Қазақстанның көптеген басқа ауылына, тіпті қалаларына қарағанда әлдеқайда жақсы деген қорытындыға келуге болады.

Бұл мұндағы айтарлықтай дамып келе жатқан туризм тұрғысынан да өте тиімді.

Мәселен, Зерендіге кіреберісте жаңадан салынып жатқан ғимаратты байқадық. Алғашында бұл болашақ туристік орталық болар деп ойладық. Бірақ бұл жерде өлкетану мұражайы болатыны белгілі болды. Жұмыс аяқталуға жақын. Орналасқан жері де өте қолайлы: мұнда келген туристер бірден өлкенің тарихымен таныса алады.

Болашақ өлкетану мұражайы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Болашақ мұражайды суретке түсіріп болған соң, Зеренді бойымен экскурсиямызды жалғастырып, төбедегі ескерткішті көрдік. Ол Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Жақында ол қайта жаңартылып, серуендеуге қолайлы орынға айналған: саябақ абаттандырылып, күркелер мен орындықтар орнатылған.

Бірақ ең кереметі - ол жерден бүкіл Зеренді алақандағыдай көрінеді. Біз көптеген ауылды араладық, бірақ ауылдың дәл ортасында орналасқан, кез келген нүктеден көрінетін мұндай еңселі ескерткішті бірінші рет кездестіруіміз.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Осы маңдағы тағы бір биік нүкте - Смольная шоқысы. Одан ауылдың да, оның жанындағы көлдің де көз тартарлық көрінісі ашылады.

Смольная шоқысы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Бұл жерде біз осы аймақта орман өртінің шықпауын қадағалайтын адаммен таныстық - өйткені Зеренді ұлттық паркпен шектеседі.

"Егер адамдар төбеге көтеріліп бара жатып шылым шеккісі келсе, мен бірден бұл жерде темекі тартуға болмайтыны туралы түсіндіру жұмысын жүргіземін, - дейді мұнарашы Александр Акиньшин. - Жоғары көтерілген кезде олардың қайдан келгенін сұраймын. Бізге Зерендіге Ақтаудан, Атыраудан, Қарағандыдан келеді. Олардың көбі Бурабайға қарағанда Зерендіні таңдаған. Біздің орман мен табиғатымыз оларға қатты ұнайды. Сондықтан осының бәрін көздің қарашығындай сақтау керек, әйтпесе бір сәтте бәрі жоқ болып кетуі мүмкін".

Александр Акиньшин. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Александр орманды кез келген ауа райында үнемі қадағалап отырады. Әсіресе найзағай кезінде мұқият болу керек - найзағайдың қай жерге түскенін есте сақтау қажет:

"Себебі бір-екі күннен кейін сол жерде өрт шығуы мүмкін. Найзағай түскен соң, ол жер іштей бықсып жана бастайды. Кейін ол үлкен өртке ұласуы ықтимал. Біз осылайша орманымызды көздің қарашығындай сақтаймыз".

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Зеренді іргесіндегі көл ауылмен аттас.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Көл жағасында демалыс орындары көп, жағажайлары жайлы, тіпті жанында Бурабайдағыдай иір-иір жол да бар. Бірақ онымен жүрмес бұрын, біз жергілікті туристік орталықта гид Юрий Васильевпен таныстық.

"Астаналықтар келіп: "Бурабайда адам тым көп - қаладағы қарбаластан шығып, тағы бір қарбаласқа келеміз. Оның несі демалыс?" - дейді", - деп гид елорда тұрғындарының пікірін жеткізді.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Гид Юрий Михайлович Зерендіде туған, бала кезінен өлкенің әр бұрышын аралап өскен. Ол бұл жерден қалаға кету туралы ешқашан ойламапты. Оған "туған жерге туыңды тік" деген қағида жақын. Тіпті бір кездері өзінің тарихи отаны - Германияда емделіп келген соң, бұл ұстанымы бұрынғыдан да беки түскен:

"Менің Отаным осы жер болса, демек мен осы жерге керекпін! "Тарихи отан" деп айтылатын жаққа емес. Ол жерде тумасам, ол қалай тарихи отан болады? Олардың менталитеті басқа. Германияға мені емдегені үшін рақмет, әрине. Мен мұнда оралған соң, тіпті екінші топтағы мүгедектікті алып тастады. Сосын жұмысымды жалғастырдым. Ұлым да мұғалімдікке оқып жатыр - ол да осында қалып, ауыл мектебінде жұмыс істеуді жоспарлап отыр".

Юрий Васильев. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

"Ал біздің табиғатымыз тамаша! - деп мақтанышпен жалғастырды гид. - Орманымызға кірген туристер таза ауадан басы айналып, таңғалып жатады. Ақтау мен Атыраудан келген мұнайшылар қалжыңдап, біздің ауаны пакетке салып алып кеткілері келетінін айтады".

Гидтің айтуынша, ең маңыздысы - тазалықты сақтап, орманды қоқыстан қорғау. Ұлттық парк қызметкерлері бұл бағытта күн сайын еңбек етіп, туристерді тәртіпке шақырады:

"Оларды орманға алып барсам: "Мұнда қандай жақсы, қандай таза" дейді. Бұл біздің еңбегіміздің арқасы. Барлық орман күзеті, қорықшылар қызметі - бәрі орманға және ондағы тәртіпке қарап жүреді. Кішкентай қоқыстан бастап ірісіне дейін бәрін жинаймыз".

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Қоқыс туралы айта кетсек: Зерендінің маңында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу кешені салынып жатыр.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Оның жобалық қуаттылығы жылына 40 мың тоннаны құрайды. Бұл нысан қоқыс мәселесін шешуге көмектесуі тиіс. Кейінгі жылдары Зеренді үшін бұл мәселе өзекті бола бастады - мұнда келетін туристер көбейіп, соған байланысты қоқыс та көбейген.

"Кешеннің бірегейлігі сол - қалдықтарды көму мүлдем болмайды, - деп түсіндірді атқарушы директор Ержан Ахметов. - Қалдықтар сұрыптауға келеді, кейін құнды компоненттерге бөлінеді. Пластик Көкшетаудағы біздің кешенге қайта өңдеуге жіберіледі. Органикалық қалдықтар климаттық камераларда сақталып, олардан кейін тыңайтқыш пен RDF-отыны өндіріледі".

Анықтама: RDF (Refuse-Derived Fuel) - бұл қалдықтарды сұрыптап, өңдегеннен кейін алынатын отын. Әдетте оның құрамына қатты тұрмыстық қалдықтардың жанатын фракциялары: пластик, қағаз, картон, тоқыма, ағаш және басқа да қайта өңдеуге келмейтін немесе тиімсіз материалдар кіреді. RDF, мысалы, цемент зауыттарында және энергетика саласында баламалы отын ретінде қолданылады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Таныстық пен әңгімеден кейін біз ақыры жергілікті иір-иір жолға шықтық. Онымен жүріп өтіп, көлдің көркін тамашаладық.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Кейін жергілікті демалыс орындарының біріне соқтық.

"Әрбір екінші адам бізде Бурабайға қарағанда жақсырақ екенін, ол жақта адам тым көп екенін айтады, - дейді демалыс орнының иесі Әйгерім Қалипенова. - Зеренді тыныш, жайлы, көлі таза, бірақ ол жаққа қарағанда сәл салқындау. Мұнда орман аралап серуендеуге болады, түрлі бағыттар бар, сол бағыттар бойынша жол бастайтын гидтер де қарастырылған".

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Зеренді расында да табиғат, спорт және туризм белсенді қолдау тауып, дамып жатқан, қазақстандықтар өздері үшін жаңадан ашып жатқан мекен ретінде әсер қалдырады.

Еске сала кетейік, жақында Tengrinews.kz қайтарылған активтер туралы материалдар топтамасын бастаған болатын.

Алғашқы жарияланым "Сізге күміс хабарлама" деп аталды. Онда бұл механизмнің қалай жұмыс істейтіні, елден шығарылған қаражатты кім және қалай іздейтіні, сондай-ақ кімдердің активтері тәркіленетіні туралы егжей-тегжейлі баяндалды.

Екінші материалда редакция осы қаражаттың арқасында қандай емханалар, жедел жәрдем станциялары мен ауылдық дәрігерлік амбулаториялардың бой көтергенін көрсетті.

Үшінші материалды дайындау барысында Tengrinews.kz тілшілері Ақмола облысы, Көкшетау қаласына барды. Онда осыдан жарты жыл бұрын заманауи спорт кешені - Kokshe Arena ашылған болатын. Бұл нысан да елге қайтарылған ақшаға салынған.

Төртінші материал Петропавлдағы ерекше балабақша туралы болды, ол басқа балабақшалардан айтарлықтай ерекшеленеді.

Авторлары: Иван Сухоруков, Әлімжан Аманжол

Аударған: Нұрила Ермекбай

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью