Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Қазақстандық дәрігерлер мүмкін емес болып көрінген істі жүзеге асырды: екі ай бойы сәбидің өмірі үшін жанкешті күрескен балалар дәрігерлері бүгін бүкіл ел тағдырын бақылаған кішкентай Асланды үйіне шығарып салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Дүние есігін ашқан Асланның өмір жолы ауыр жағдайдан басталды. Анасы Таиландқа демалуға барған кезде, мерзімінен бұрын босанып қалған. Нәресте экстремалды төмен салмақта туылды. Жергілікті клиникада сәби ауыр сепсис пен көп мүшелер жеткіліксіздікті (полиорганную недостаточность) бастан өткерді — оның өмірі жасанды тыныс алу аппаратының көмегімен сақталды.
Ананың әлеуметтік желілер арқылы жасаған жанайқайынан кейін сәбиді құтқару ісіне мемлекет араласты. Санитарлық авиация борты кішкентай қазақстандықты елге жеткізу үшін 14 сағатқа созылған күрделі ұшу сапарын жасады.
2026 жылғы 11 мамыр күні небәрі 1 ай 18 күн болған нәресте Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығындағы Нәрестелер реанимациясына, анестезиология және қарқынды терапия бөлімшесіне түсті.
- «Бала Педиатрия орталығына түскен кезде жағдайы өте ауыр еді: шала туылудың белгілері мен салдарынан, ауыр пневмония, мидың гипоксиялық зақымдануы және ішек парезі анықталды. Соның салдарынан сәби туылғаннан анасының сүтін қорыта алмады. Орталыққа түскен кездегі салмағы небәрі 1300 грамм болды. Ұзақ әрі күрделі ұшу сәбидің әлсіз ағзасына үлкен салмақ түсірді. Алайда негізгі қауіп алда еді. Орталықта жатқан бесінші күні біздің дәрігерлер бала өміріне аса қауіпті патологияны — жабық ішек перфорациясын (ішектің жыртылуын) анықтады. Сондықтан дәрігерлер консилиумының шұғыл шешімін қабылдады. Орталық хирургтері жедел түрде күрделі операция жасап, ішектегі ақауды жойып, стома шығарды. Операцияны неонаталды хирургтер: Гүлмира Каукенбаева мен Қанат Әшірбай, анестезиолог дәрігер Урстемова Камшат бастаған команда жасады. Бұл шешім сәбидің өмірін сақтап қалды», - деп атап өтті ПБХҒО нәрестелер анестезиологиясы, реанимациясы және қарынды терапия бөлімінің меңгерушісі, м.ғ.к. Гүлбану Бердиярова.
Операциядан кейінгі оңалту ұзақ уақытты және тәулік бойы бақылауды қажет етті. Алайда дәрігерлер мен мейіргерлердің кәсіби шеберлігі, сондай-ақ кішкентай науқастың өмірге деген талпынысы жеңіске жеткізді. Бұл орайда 2 ай бойы баланың өмірі үшін күрескен балалар дәрігерлері: Нұржанова Наргиз, Қуаныш Сабира, Ордабаев Шалқар, Адуова Гүлзира, Досономанова Баян және барша мейірбикелердің еңбектерін атап өткен жөн.
- «Педиатрия орталығы қабырғасында өткен екі ай ішінде сәби 1200 грамм салмақ қосып, 2500 грамм салмақпен аман-есен үйіне шығарылды. Ауыр респираторлық дистресс-синдром мен бронх-өкпе дисплазиясына қарамастан, дәрігерлер баланың өкпесін өздігінен тыныс алуға үйретті! Сәби тамақтанып, өсіп келеді: ішек қызметі қазіргі таңда қалпына келуде, енді ол үй жағдайында күтім алып, өмір сүруге дайын», - деді баланың емдеуші дәрігері, неонатолог дәрігер Гүлзира Тұрысханқызы.
Бүгін кішкентай сәби көптен күткен үйіне, сүйікті отбасының ортасына оралады. Алда ұзақ оңалту кезеңі бар. Дегенмен өмір үшін ең қиын әрі маңызды күресті Педиатрия орталығы дәрігерлерінің арқасында жеңіске жетті.
Кішкентай Асланның сауығып, аман-есен ауруханадан шығуы — ондаған маманның аса дәл «зергерлік» жұмысының, Педиатрия орталығы неонаталдық қызметі командасының күні-түні күзеткен, емдеп, жазған орасан зор жанқиярлық еңбектері мен үйлесімді қызметінің нәтижесі. Сонымен қатар мейіргерлердің қамқорлығы мен бір кішкентай өмір үшін бірігіп күрескен реаниматолог, неонаталогтар мен хирургтар және барша мамандардың үлкен жеңісі.
Бүгін сәбидің үйіне оралуын — нағыз ғажайып оқиға десе де болады.