Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
City Transportation Systems компаниясының агенттікке хабарлауынша, жоба толық іске қосылған соң, пойыздар сағатына 40-50 км жылдамдықпен қатынайды. Станциялар арасындағы жол жүру уақыты учаскеге байланысты 1,5-3 минут болады. Құрамдар арасындағы интервал — 5-10 минут болмақ.
Компания мәліметінше, әуежайдан бастап соңғы Нұрлы жолға дейінгі барлық 18 станцияны шамамен 40 минутта жүріп өтуге болады. Осылайша, LRT-мен жүру уақыты кей жағдайда автокөлікпен немесе автобуспен сапарлау уақытынан қысқа болуы мүмкін.
Мысалы, «Университет» станциясынан (Назарбаев Университеті ауданы) «Сығанақ» станциясына (Abu Dhabi Plaza маңы) дейінгі жол шамамен 12 минут болады. Салыстыру үшін, онлайн-карталар дерегіне сәйкес, бұл бағытта автокөлікпен шамамен 18 минутта, ал автобуспен 37 минутта жетуге болады.
Маршрутпен және станциялар атауымен толығырақ мына сілтеме арқылы танысуға болады.
Осылайша, жеңіл рельсті көлік Астананың Есіл және Нұра аудандарындағы автожолдарға түсетін жүктемені азайтуға тиіс. Әсіресе Ш. Қалдаяқов, Сығанақ көшелері мен Қабанбай батыр даңғылында көлік қозғалысы жеңілдейді деп күтілуде.
LRT қосуға дайындық қалай жүріп жатыр
Kazinform агенттігі жол ақысын төлеу қалай ұйымдастырылатынын, жолаушыларға арналған цифрлық сервистер және мамандарды даярлау қай деңгейде екенін сұрап көрді.
CTS компаниясының мәліметінше, қызметкерлерді оқыту алдағы айларда аяқталады деп жоспарланған. Жол ақысын төлеу тәсілдері мен тарифтер де бекіту сатысында, оған қоса электронды төлем жүйесі әзірленеді.
Сонымен бірге, CTS компаниясы пойыз қозғалысын бақылауға арналған функционал болатынын хабарлады. Бұл жүйе арқылы жолаушылар станцияда келе жатқан құрамды картадан көре алады.
Барлық 18 станция қауіпсіздік пен қолжетімділік талаптарына толығымен сай болады. Онда билет сатып алуға арналған аймақтар (автоматтандырылған жүйелерді қоса алғанда), сауда орындары бар күту залдары, санитарлық-гигиеналық тораптар мен адамдардың қауіпті аймаққа шығуына жол бермейтін жүйелер қарастырылады. Станцияға көтерілу үшін эскалаторлар орнатылады, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың қажеттіліктері үшін лифтілер болады.
Айта кетейік, LRT вагондары елорданың негізгі көшелері мен аудандары арқылы өтеді. Бағыт халықаралық әуежайдан басталып, Қабанбай батыр даңғылымен жүріп, «Астана жұлдызы» айналма жолын, Назарбаев университеті мен Ботаникалық бақ жанынан өтеді.
Одан әрі желі Сығанақ көшесіне бұрылып, Abu Dhabi Plaza көпфункционалды кешені мен Үкімет үйі маңынан өтеді, Арыс көпірі мен Ш. Қалдаяқов көшесін кесіп өтіп, ҚР Ұлттық музейі жанынан өтеді. Соңғы нүкте — Нұрлы Жол вокзалы.
Айта кетейік, Астанада LRT жүйесіне қызметкерлерді қабылдау басталды.
Сонымен бірге, LRT жобасының екінші кезеңіне дайындық басталды.