Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АСТАНА, 23 маусым – Sputnik. Ақмола облысы Көкшетау қаласында аулада әйелді көлікпен қағып өлтірген әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ақмола облысының соты.
Көкшетау қалалық сотында көлікпен адам қаққан әйелге қатысты сот үкімі шықты. Тағылған айып - абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу.
Оқиға биыл мамырда болды.
"Сотталушы көлік құралын басқаруға арнайы құқығы болмаған. Соған қарамастан көлік жүргізіп, тұрғын үй ауласына бұрылу кезінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіріліп, ол ауруханада қайтыс болды", - дейді сот.
Сотталушы әйел жұбайының денсаулығының күрт нашарлауына байланысты және оның рұқсатымен көлік тізгініне отырғанын айтқан.
Кінәлі әйел өз айыбын толық мойындаған. Сотталушы жәбірленуші тарапқа келтірілген моральдық зиянды өз еркімен өтеген. Ал жәбірленуші тарап сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұраған.
"Сот үкімімен әйел 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сотталған адамның тәрбиесінде екі жас баласының болуына байланысты жазаны өтеу 3 жылға кейінге қалдырылды", - дейді сот.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.