Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Съезге Қазақстанның барлық 20 өңірінен 200 делегат қатысты. Олардың қатарында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, өңірлік филиалдардың өкілдері, партияның Саяси кеңесінің мүшелері, ардагерлер, жастар және түрлі сала мамандары болды. Делегаттардың едәуір бөлігін ауыл шаруашылығы саласының өкілдері құрады.
Құрылтай сайлауы: Ауқымды саяси реформаның маңызы
Партияның сайлауалды бағдарламасы төрт бөлімнен және өңірлерді дамытудың жеті басым бағытынан тұрады. Онда азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым, әлеуметтік саясат, білім мен ғылым, экология, сондай-ақ дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қолдау мәселелері қамтылған. Бағдарлама елдің барлық өңірінен арнайы цифрлық платформа арқылы жиналған 75 мыңнан астам ұсыныс негізінде әзірленді.
Съезде сөз сөйлеген «Ауыл» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары С. Егізбаев партияның басты мақсаты – елдің тұрақты дамуына бағытталған нақты бағдарламаны жүзеге асыру екенін айтты.
«Бүгін біз сайлаушыларымыздың мүддесін негізге алған елімізді дамытудың ауқымды стратегиясын – партиямыздың сайлауалды бағдарламасын қабылдап отырмыз. Біздің тарихымыз – ел мүддесіне адал қызмет еткен 26 жыл. Миллиондаған қазақстандықтың сенімі – біздің ең басты күшіміз», деді ол.
Спикердің айтуынша, партияның бастамаларының нәтижесінде соңғы үш жылда ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі 140 миллиард теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін өскен. Сонымен қатар Су ресурстары министрлігі құрылып, жаңа Су кодексі қабылданған, ал әлеуметтік қолдау шаралары аясында мүгедектігі бар азаматтарға берілетін салықтық жеңілдіктер кеңейтілген.
Егізбаев партияның негізгі сайлауалды қағидаты «Қуатты өңірлер – қуатты орталық» екенін атап өтті. Оның айтуынша, бағдарлама әділетті мемлекет қалыптастыруды, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, инфрақұрылымды жаңғыртуды, білім мен ғылымды дамытуды, әлеуметтік қолдауды күшейтуді, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуды және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді.
Мәжілістің VIII шақырылымының депутаты Жигули Дайрабаев жаңа Конституция аясында құрылатын Құрылтайдың елдің саяси жүйесіндегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бұл институт заң шығару, бюджетті бекіту және Үкімет қызметін бақылау арқылы саяси үдерістердің ашықтығын арттырады. Сонымен қатар депутат «Ауыл» партиясы Мәжілістегі аз ғана құраммен жұмыс істегеніне қарамастан, сайлауалды бағдарламаның бірқатар міндеттерін жүзеге асырып, нақты нәтижелерге қол жеткізгенін айтты.
«Біз құрғақ уәде берген жоқпыз – өзімізге жауапкершілік алып, нақты нәтижелерге қол жеткіздік. «Ауыл» партиясы ұран үшін емес, нәтиже үшін жұмыс істейтінін дәлелдеді. Ал бүгін бекітілетін сайлауалды бағдарлама – жай ғана саяси құжат емес, бұл біздің нақты жұмыс жоспарымыз әрі жауапкершілігіміз», деді Ж. Дайрабаев.
Съезде сөз алған қоғам қайраткері Захира Бегалиева әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – адамның өмір сапасын жақсарту екенін атап өтті. Оның пікірінше, ауыл тұрғындары сапалы медицинаға, оңалту қызметтеріне және әлеуметтік қолдауға тұрғылықты жеріне қарамастан бірдей қол жеткізуі тиіс. Ол цифрлық технологиялар мен телемедицинаны дамыту өңірлердегі қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
«Қуатты ауыл – тек өндірісі бар ауыл емес. Қуатты ауыл – адамы қорғалған ауыл. Қуатты өңір – тек экономикасы дамыған өңір емес, медицинасы, әлеуметтік қызметі және отбасыға қолдауы бар өңір», деді Захира Бегалиева.
«Auyl Jastary» жастар қанатының төрағасы Дәулет Рахымбек партияның жастарды қолдауға бағытталған бастамаларына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде жастар қанатының қатарында 57 мыңнан астам жас бар. Ұйым экологиялық, білім беру, патриоттық және еңбек жобаларын жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ жастарды ауылға қайтаруға бағытталған «Ауылдан диплом алуға және ауылға жұмыспен, баспанамен және болашақпен оралу!» жобасының маңызын атап өтті.
«Біздің мақсат – ауылдан кетудің жолын іздеу емес, ауылға оралудың, ауылды өркендетудің жолын қалыптастыру. Жастар туған жерін дамытатын басты күшке айналуы тиіс», деді Д. Рахымбек.
Съезд барысында партияның жаңа Саяси кеңесінің құрамы бекітілді. Оның құрамына 29 адам енсе, Құрылтай депутаттығына 69 кандидат ұсынылды. Кандидаттар қатарында жастар, әйелдер және мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар.
«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов қабылданған шешімдер партияның алдағы жұмысының негізін қалайтынын айтты.
«Бүгін Съезд партияның алдағы қызметін айқындайтын маңызды шешімдер қабылдады. Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар халықпен ашық диалог орнатып, сайлаушылар сенімін ақтауға жауапты болады», деді Қайрат Айтуғанов.
Қазақстанның саяси партиялары Құрылтай сайлауына толық дайын екенін мәлімдеді
Съезд соңында делегаттар партияның сайлауалды бағдарламасын бірауыздан қолдап, алдағы сайлау науқанында оның басымдықтарын жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Бағдарлама өңірлерді дамыту, еңбек адамын қолдау, әлеуметтік әділеттілік, жастар саясаты және экологиялық тұрақтылық бағыттарын қамтитын негізгі бағдарламалық құжат ретінде бекітілді.