Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Экология және табиғи ресурстар министрлігінде ауылдық елді мекендердегі қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару мәселелері бойынша онлайн-кеңес өтті. Кеңеске министрлік өкілдері, Жасыл даму және облыстардың әкімдіктері қатысты. Жиынға Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев төрағалық етті.
Кездесу барысында ауылдық елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдықты жинау мен шығару саласындағы негізгі проблемалар және оларды елде жүргізіліп жатқан қалдықтарды басқару реформасы аясында шешу жолдары талқыланды. Өткен аптада Жасыл даму Парламент депутаттарына қалдықтарды басқару жүйесін ұйымдастырудың жаңа моделін таныстырған.
— Реформаның негізгі міндеттерінің бірі — ауылдық жерлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару мәселесін шешу. Мамандардың бағалауынша, бұл мәселе бүгінде шамамен 7,4 миллион адамды, яғни Қазақстан халқының 37 пайызға жуығын қамтып отыр. Ауылдық аумақтарда қызметтердің экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы бизнес үшін тартымдылықты төмендетеді. Соның салдарынан операторлар саны шектеулі болып, нәтижесінде рұқсатсыз қоқыс үйінділері пайда болып отыр, — делінген Экология министрлігінің хабарламасында.
Кеңес барысында Қазақстан Президенті рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің мәселесін шешу және ауылдық өңірлерді дамытуға басымдық бере отырып, тиімді қалдықтарды басқару жүйесін қалыптастыру міндетін қойғаны атап өтілді.
Мәселені шешудің бір тетігі ретінде Жасыл даму тарапынан ауылдық жерлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жеңілдетілген қаржыландырудың жеке бағдарламасын іске асыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұндай қолдау жобалардың бизнес үшін экономикалық тартымдылығын арттырып, жүйенің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
— Қазіргі уақытта Экология және табиғи ресурстар министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп өңірлердегі жағдайға талдау жүргізіп жатыр. Бұл талдау аясында қолданыстағы инфрақұрылым, қызметтермен қамту деңгейі және елді мекендердің қажеттіліктері бағаланып жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде ауылдық жерлерде қалдықтарды жинау және шығару жүйесін ұйымдастыру бойынша нақты өңірлік жоспарлар әзірленеді деп жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.
Жүргізілген талдау нәтижесінде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға, рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің санын азайтуға және Қазақстанның ауылдық өңірлеріндегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары қалыптастырылады деп күтілуде.
Айта кетелік Қызылордадағы көптеген қоқыс полигоны талапқа сай еместігі туралы жазған едік.