Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АСТАНА, 19 мамыр – Sputnik. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ауылды жерлерге жаппай асфальт төсемеудің себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сауранбаевтың айтуынша, шағын ауылдардың бәріне асфальтпен жол төсеуге ақша жетпейді.
"Бір шақырым асфальттің бағасы - шамамен 1 млн доллар. Ауылға дейін 40 шақырым болса, 40 млн доллар кетеді. Ал 15-20 адам тұратын жерге ондай жолды салған тиімсіз ғой. Ертең комбайн және ауыр техника жүреді. Оны кім бақылайды? Бір жарым-екі жылдың ішінде жолдың быт-шыты шығады. Бір ауылға асфальтпен жол салғанша он ауылға қиыршық таспен жол төсеп берген тиімді. Ақша болса, бәріне асфальт төсеп тастауға болатын еді", - деді Сауранбаев үкіметтегі брифингте.
Осы орайда министр Германияны мысалға келтірді. Ол жақта ауылды жерлерде фермерлер қиыршық таспен төселген жолмен жүреді.
"Еліміздің жері кең, ал қаражатты тиімді жұмсау керек. Ал барлық жерде асфальт төсесек, бюджетке үлкен салмақ түседі", - деді Сауранбаев.
Министрдің айтуынша, заңда жолдардың сапасына қатысты нақты талап та бар. Оған сәйкес, республикалық жолдар, сондай-ақ, облыс орталығынан аудандарға дейінгі жолдар асфальтпен төселеді. Ал аудан орталығынан ары қарай қиыршық тас қолданылады.