Ауылдың ажарлы қақпасы

26.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Сурет: ortalyq.kz

Адам баласына кіндік қаны тамған топырақтан ыстық мекен жоқ. Қай қиырда жүрсе де, көкірегінде ауыл түтінінің иісі аңқып, балалық шағының балдәурен елесі тербеп тұраты­ны хақ. Осы бір қасиетті сезім­­ді перзенттік парызбен ұштас­тырған Теректідегі №30 жалпы білім беретін мектептің 2006 жылғы түлектері осы жыл­ды ауыл тарихына алтын әріп­пен жазды. Олар мектеп бітір­гендерінің 20 жылдық мерейтойын мерекелік дастарқанмен ғана шектемей, ауыл кіреберісіне зәулім де сәнді кіреберіс қақпасын тұрғызды. Мұны тек сәулеттік нысан ғана емес, туған жерге деген шексіз махаббат пен шынайы жанашырлықтың, елдік мұраттың символы десті риза болған жұртшылық. Ажарлы арка заманауи жарық шамдармен жабдықталған. Жобаның құны – 6 млн 150 мың теңге.

Шарықты өңірі – табиға­тымен де, тарихымен де дара­ланатын өлке. Жергілікті халық­тың айтуынша, жер атауы шатқалдағы шарық тәріздес тіп-тік жартастарға байланыс­ты қойылған. Аң-құсы жырға қосыл­ған, көлдерінде қаз-үй­регі қа­лықтаған бұл мекеннің сұлу­лығы осынау тағылымды іс-шарамен одан сайын асқақтай түскендей.

Салтанатты жиын  Әнұранмен ашылып, рухты асқақтатты. Бі­рін­ші болып сөз алған Ша­рық­ты ауылдық округінің әкімі Ербұлан Жаман туған жеріне тамаша тарту жасаған азамат­тарға ел атынан алғыс айтты. №30 мектептің директоры Гүл­мира Сейітқазықызы мен ар­дагер ұстаздар Қуантай Се­кен­ұлы, Армия Рымқұлұлы шәкірттерінің азаматтық болмысына сүйсініп, ақ баталарын берді. Түлектер атынан Арғын Берікұлы туған жерге тағзым ету – әрбір перзенттің қасиетті борышы екенін жеткізді.

Жаңа нысанның лентасын қию рәсімі ерекше мағынаға ие болды. Бұл мәртебелі міндет ауылдың ардақты әжесі Бағира Жұмағалиқызына, сыйлы азамат Жұмағали Қабышұлына, 1988 жылғы азаматтар өкілі Арман Айтбайұлына, мектептің үздік оқушысы Жәнібек Ділназға сеніп тапсырылды. Бұл – өткен мен бүгіннің, бүгін мен болашақтың алтын көпірі іспетті көрініс еді. Ауыл ақсақалы Сүйгенбай Әлиұлының ел мен жердің амандығын тілеген батасы көктен нұр жауғандай әсер қалдырды.

Мерекелік іс-шара мектеп оқушылары мен ұстаздар дайын­даған концерттік бағдар­ла­маға ұласты. Гүлстан Жұмакел­діқызының қаламынан туған жырларды оқушылар мәнерлеп оқыса, «Саржайлау» әні мен «Қама­жай» биі жиналған қауым­ның көңілін серпілтті.

Жобаның басы-қасында жүрген азаматтардың бірі Әділет Жағыпар өз толқынысын былайша жеткізді: «Біз осы топырақта өстік, осы мектепте білім алдық. Мектеп бітіргенімізге 20 жыл толуы – үлкен белес. Сондықтан оны жай ғана отырыспен өткіз­бей, ауылымызға естелік қалды­руды ұйғардық. Бұл – біздің перзенттік құрметіміздің жемісі. Кейінгі іні-қарындастарымыз да осы жолды жалғаса екен дейміз».

Іс-шараның түйіні ретінде Руслан Жұмағали орындаған «Теректі гимні» баршаның рухын көтерді. Әннің сөзі – Әужан Ораз­бектікі, сазы – Алтай Үсеновтікі.

Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы,

Шарықты ауылы

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью