Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
– «Елді мекен» ұғымы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңда бекітілген. Елді мекендердің санаттарын өзгерту тәртібі де қолданыстағы заңнамада реттелген. Бекітілген Әдістемеге сәйкес, жыл сайын ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторинг жүргізіледі. Ауылдық елді мекеннің даму әлеуеті экономикалық, инфрақұрылымдық, демографиялық және геокеңістіктік өлшемшарттар негізінде айқындалады, - деді Премьер-министр.
Үкімет басшысының атап өтуінше, ауылдық округтер деңгейінде өкілді орган құру мәселесі бұрын пысықталған. Алайда жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дамытудың осы кезеңінде жергілікті қоғамдастық пен мемлекеттің өзара іс-қимылының қолданыстағы тетіктерін сақтау туралы шешім қабылданған.
– Мәселен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қолданыстағы моделі бір мандатты сайлау округтері бойынша мәслихат депутаттарын сайлауды көздейді. Бұдан басқа, ауыл тұрғындары жергілікті қоғамдастық жиындары мен жиналыстары аясында жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша талқылауға және шешімдер шығаруға тікелей қатысады. Осылайша, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ауылдық округтердің де, ауылдардың да мүдделерін білдіруі қамтамасыз етілген, - деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін ауылдық округтердің бюджетіне жекелеген салық түсімдерін беру мәселесі пысықталып жатқанын жазған едік.