Ауылға ағылған жаңа өмір

14.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

 Жоба аясында Абай облысында 9 ай ішінде 500 отбасын ауылдық елді мекендерге қоныстандыру жоспарланған болатын. Бүгінде бұл меженің 56 пайызы орындалып, 281 отбасы, яғни 881 адам ауылға қоныс аударды. Олардың қатарында Семей қаласынан көшіп барған 319 тұрғын және еліміздің өзге өңірлерінен келген 562 азамат бар. Бұл – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес. Бұл – жаңа ортаға бейімделіп, ауылдың дамуына үлес қосуға ниетті 881 адамның тағдыры, 281 отбасының жаңа өмірге жасаған қадамы.

«Қаладан – ауылға» жобасы аза­мат­тарға тұрақты мекен, еңбек етуге мүм­кін­дік және жаңа өмір бастауға жол ашып отыр. Қоныс аудару көрсеткіші бойын­ша Бесқарағай ауданы алдыңғы қа­тарда келеді. Мұнда жоспарланған 50 отбасының 41-і көшіп келіп, меже­нің 82 пайызы орындалған.

Екінші орында – Үржар ауданы. Бұл ауданға 34 отбасы, яғни 97 адам қо­ныстанып, жоспардың 68 пайызы жү­зеге асқан. Үшінші орында – Боро­ду­лиха ауданы. Мұнда 30 отбасы (66 адам) жаңа қоныс тапқан.

Аягөз ауданында 27 (103 адам), Жар­ма, Ақсуат және Жаңасемей аудан­да­рында 26, Көкпекті ауданында 25, Ма­қаншы ауданында 24, Абай ауда­нын­да 22 отбасы ауылға көшіп келген.

Әрбір көштің артында үлкен өзгеріс жа­тыр. Бір отбасы ауылға келсе, бір ел­ді мекенге жаңа тұрғын, жаңа маман, жаңа еңбек күші қосылады.

Жобаның басты мақсатының бірі – қоныс аударған азаматтарды тұрақты жұ­мыспен қамту. Осы бағытта ат­қа­ры­лып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беру­де. Бүгінде көшіп келген азаматтар мем­лекеттік мекемелерге, жеке кәсіп­кер­лік саласына, шаруа қожалықтарына жұ­мысқа орналасып, ауыл эконо­ми­ка­сына үлес қосуда.

Бесқарағай ауданында 40 отба­сы­ның 42 мүшесі жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 33 адам мемлекеттік ме­ке­мелерде еңбек етеді. Үржар ауда­нын­да 35 азамат жұмысқа орналасса, олар­дың 20-сы жеке кәсіпкерлерге, 14-і ша­руа қожалықтарына барған. Боро­дулиха ауданында 33 адам, Жаңасемей ауданында 29 адам, Көкпекті ауданында 23 адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Көкпектіде жұмысқа орналас­қа­н­дар­дың 13-і ауыл шаруашылығы сала­сын­да, 10-ы мемлекеттік мекемелерде қыз­­мет атқарады.

Абай ауданында 23 адам жұмысқа ор­наласқан. Оның ішінде 16 азамат жеке кәсіпкерлік саласында еңбек етсе, 4 адам мемлекеттік мекемелерде қыз­мет етеді. Үш тұрғын өзін-өзі жұмыспен қам­тып отыр. Жарма ауданында 20 адам, Аягөз және Мақаншы аудан­дарын­да 15 адамнан, Ақсуат ауданында 14 адам жұмысқа орналасқан. Ауылға келген азаматтар арасында әртүрлі сала маманы бар. Мәселен, Ақсуат ауданын­да бағдарламашы, есепші, ветеринария маманы және денешынықтыру мен спорт саласының қызметкері еңбек жо­лын жалғастыруда. Бұл – ауылдық жер­лердегі кадр тапшылығын шешуге ба­ғытталған маңызды қадам.

Қоныс аударған отбасылармен бір­ге ауылдарға балалар да келіп жатыр. Бү­гінде жоба аясында көшіп келген от­басыларда 387 бала бар. Оның 

198-і – мектеп оқушысы. Балалардың көп­шілігі Бесқарағай ауданында тір­кел­ген – 63 бала. Аягөз ауданында – 53, Абай ауданында – 52, Жарма ауданында – 45, Ақсуат ауданында 42 бала бар. Со­нымен қатар Үржар ауданында – 35, Ма­қаншы ауданында – 30, Көкпекті ау­данында – 26, Жаңасемей ауданын-да – 22, Бородулиха ауданында 19 бала жаңа ортаға бейімделуде. Бұл көрсет­кіш­тер ауыл мектептерінің оқушы са­нын сақтауға, білім беру ұйымдарының тұрақты дамуына және ауылдағы әлеу­меттік ахуалдың жақсаруына ықпал етеді.

«Қаладан – ауылға» жобасының не­­гізгі құндылығы – адамдарға мүм­кін­дік беруінде. Бірі ауылға маман ре­тін­­де келсе, бірі кәсіп бастауға ниетті, ен­ді бірі еңбек етіп, отбасының әл-ау­қатын арттыруды көздейді.

Бүгінде ауылға көшкен әр отбасы – елді мекеннің дамуына қосылған жаңа үлес. Олар ауылдың әлеуметтік өміріне ара­ласып, еңбек нарығын толықтырып, жергілікті жерлердің дамуына серпін беру­де.

281 отбасы мен 881 адамның таң­дауы ауылдың әлеуеті әлі де жоғары еке­­нін көрсетеді. Себебі ауыл – тек тұр­­­­­ғылықты мекен емес, ол – еңбек пен берекенің, дәстүр мен жаңарудың ор­дасы.

«Қаладан – ауылға» жобасының мә­ні тек тұрғындарды бір жерден екінші жерге көшірумен шектелмейді. Бұл – адамдарға жаңа мүмкіндік беру, ауылдарға жаңа тыныс әкелу, өңір­лер­дің дамуына серпін беру бастамасы.

Ауылдың болашағы оның тұрғын­дары­ның белсенділігі мен еңбегіне бай­ланысты. Осы тұрғыдан алғанда, «Қа­ладан – ауылға» жобасы қала мен ауыл арасындағы байланысты нығай­тып, өңірлердің теңгерімді дамуына ба­ғытталған маңызды қадам болып отыр.

Эльмира Жүрсінбекқызы, Абай облысы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью