Автобустар көбейді, бірақ сығылыс тоқтамады: Алматы әкімдігі себебін атады

20.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Оқу жылы басталғалы бері Алматы тұрғындары автобустарға қатысты жағдайдың қиындағанын айтып, үнемі шағымданып жатыр. Олардың айтуынша, жолаушылар көлігі үлкен интервалмен жүреді және ылғи адамға лық толы болады. Алматылықтар өз бақылауларымен әлеуметтік желілерде бөлісіп жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Адамдар автобусқа әрең сыйып жатыр"

19 қазанда қала тұрғыны әлеуметтік желіде видео жариялады, онда адамдардың №38 бағыттағы лық толы автобусқа қалай мініп жатқаны көрсетілген. Жолаушыларды сырттан салонға итеріп кіргізуге бақылаушылар көмектесіп жатыр.

"Қызды күшпен салонға итеріп жатыр, ал оның аяқтары далада салбырап қалды! Егер автобус қозғалып кетіп, адам дөңгелектің астына түсіп кетсе, кім жауап берер еді? Сіздер мұны "оңтайландыру" дейсіздер ме?!" - деп жазды жазба авторы эмоцияға ерік беріп.

Threads-тен көру

Автор мұндай жағдай қаладағы көптеген бағытта байқалатынын айтты.

"Бұл – күн сайын осы тозақта жан сақтап жүрген жүз мыңдаған алматылықтың жанайқайы! Адамдар 22-ші, 38-ші, 118-ші және басқа да ондаған бағыт туралы жазып жатыр. Барлық жерде бір көрініс: қысылған халық, көз жасы, бұзылған жоспарлар және есікке сүйеніп тұрған адамдар. Осыдан кейін әкімдік пен көлік басқармасы бәрі қалыпты, кесте сақталып жатыр деп қалай кейіп таныта алады?" - деп кейіді ол.

Рейстерді көбейту көмектеспеді

Алматы тұрғынының шағымына қала әкімдігі жауап берді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, №38 автобус бағытының жұмысын жақсарту үшін бұған дейін қозғалыс кестесі түзетіліп, рейстер саны көбейтілген және автобустардың аялдамада тұру уақыты қысқартылған.

"Жолдардағы көлік кептелісі салдарынан, әсіресе қарбалас уақытта, кешігулер мен кестеден ауытқулар болады, бұл қозғалыс интервалының ұзаруына және аялдамаларда жолаушылардың жиналуына әкеп соғады. Қазіргі көлік жүктемесі сақталған жағдайда, тек рейстер санын көбейту мен қозғалыс кестесін түзету мәселені толық шешуге мүмкіндік бермейді", - деп түсіндірді әкімдіктегілер.

Қалалық әкімшілік жол кептелістері желіде автобустар саны жеткілікті болса да, айналым рейсінің уақытына, қозғалыс тұрақтылығына және интервалдардың сақталуына айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.

Автобус та, метро да лық толы

Бұған дейін Алматы тұрғындары мен қонақтары лық толы автобустар мен метро станцияларындағы кептелістерге шағымданған болатын. Қарбалас уақытта жолаушыларға қоғамдық көлікке міну қиынға соғып, метроға кіреберісте ұзын-сонар кезек пайда болған. Әкімдіктегілер адамдардың жиналуын жол кептелістерімен және автобустардың қозғалыс интервалының бұзылуымен түсіндірді.

Сондай-ақ қала тұрғындарынан №118 бағытқа да қатысты шағымдар түсті. Жолаушылар автобустың шектен тыс толып кететінін айтты. Олардың сөзінше, қарбалас уақытта салонның толы болатыны соншалық, есіктер жабылмайды, ал кейбір жолаушылар кіреберісте қысылып қалады.

Алматылықтар лық толы автобусқа шағымданды. Видеодан алынған кадрлар

14 қазанда Шұғыла шағын ауданының тұрғындары автобустарды ұзақ күту мен олардың лық толы болуына байланысты желіде виде жариялады.

Көптеген шағымнан кейін қалалық мобильділік басқармасы Алматыда 210 қалалық және қала маңындағы бағыттар жұмыс істейтінін хабарлады. Желілерде 3 200-ден астам автобус пен троллейбус жүреді.

Басқарма қарбалас уақытта, әсіресе оқу жылының басталуымен, сондай-ақ қаладағы жол жөндеу жұмыстарына байланысты кептелістердің күшейетінін мойындады. Соның салдарынан автобустар жалпы ағынмен бірге тұрып қалады, бұл қозғалыс интервалының ұзаруына және салондардың лық толуына әкеледі.

Ведомство өкілдері күн сайын қоғамдық көлік жұмысын қадағалап, жолаушылар ағыны мен тұрғындардың өтініштерін талдап отыратынын мәлімдеді. Мониторинг нәтижелері бойынша қажет болған жағдайда қозғалыс схемалары түзетіледі, жаңа бағыттар ашылады немесе жұмыс істеп тұрғандары қосымша автобустармен күшейтіледі.

Бұдан бөлек, қарбалас уақытта ең көп жүктеме түсетін бағыттарға барынша көп көлік шығаруға мүмкіндік беретін жеке қозғалыс кестелері кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.

Редакция жағдайды бақылауды жалғастырады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью