Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Кейінгі бірнеше жылда көптеген қазақстандық автокөлікті жай ғана қозғалыс құралы ретінде емес, ақша сақтаудың, тіпті оны көбейтудің тәсілі ретінде қабылдай бастады. Жаңа көлік тапшылығы кезінде кейбір модельдер сатып алынғаннан кейін бірден қымбаттап, иелері оларды дилерлік бағадан жоғары бағаға қайта сатқан болатын.
Алайда 2026 жылы жағдай өзгерді. Жаңа автокөліктер арзандап жатыр, банктер автонесиеге сұраныстың төмендегенін тіркесе, нарық біртіндеп үйреншікті модельге қайта оралып жатыр.
Бірақ автокөлік шынымен де инвестиция болды ма? Tengri Auto бұл мәселені ресми статистика мен қаржыгер Андрей Чеботаревтен анықтап көрді.
Автокөліктер ұзақ уақыттан бері алғаш рет арзандай бастадыАвтокөлікті қаражат салу құралы ретінде қарастыратындар үшін алғашқы дабыл ресми статистикадан келді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың шілдесінде жаңа автокөліктердің қазақстандық құрастырылымдағы бағасы өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда бірден 16,2 пайызға төмендеді.
Автокөлік нарығы үшін бұл ерекше жағдай. Осыдан бірнеше жыл бұрын жаңа көліктердің тапшылығы, логистикалық қиындықтар және жоғары сұраныс салдарынан баға тоқтаусыз өсіп келген еді. Енді бұл тренд өзгерді.
Сарапшылар бағаның төмендеуін өндірушілер, әсіресе модельдік қатарын белсенді түрде кеңейтіп, прайс-парақтарын жиі қайта қарап отыратын қытайлық брендтер арасындағы бәсекелестіктің күшеюімен байланыстырады.
Сатып алушылар да сақ бола бастадыӨзгерістерді Қазақстан Ұлттық банкі жүргізген банктерге сауалнама жүргізу нәтижелері де растап отыр. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша банктер автонесиеге деген сұраныстың төмендегенін хабарлады.
Реттеушінің бағалауынша, бұл жаңа автокөліктер құнының төмендеуі аясында сатып алушылардың автодилерлер субсидиялайтын несиелік бағдарламаларға деген қызығушылығының азаюымен байланысты.
Нәтижесінде:
автонесиеге өтінімдер саны алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 20 пайызға азайды; банктер барлығы 1,2 миллионға жуық өтінім қабылдады; бұл ретте өтінімнің орташа сомасы 12 пайызға өсіп, 7,2 миллион теңгеге жетті.Қызықты жағдай қалыптасуда: сатып алушылар саны азайып келеді, бірақ сатып алуға бел буғандар қымбатырақ автокөліктерді таңдайды.
Неге көпшілік автокөлікті инвестиция деп санады2021–2023 жылдары көптеген қазақстандықта автокөлік табыс әкеле алады деген түсінік қалыптасты. Пандемия, микрочиптердің жетіспеушілігі және жеткізілімдегі іркілістер салдарынан жаңа көліктер тапшы болып, кейбір модельдер ай сайын қымбаттап отырды. Тіпті жүрілген көліктердің өзі жаңасынан қымбатқа сатылатын кездер аз болған жоқ.
Алайда қаржыгер Андрей Чеботаревтің пікірінше, бұл жаңа экономикалық шындық емес, уақытша жағдайлардың сәйкес келуі еді.
"Көліктің инвестициялық актив ретіндегі дәуірі ешқашан басталған емес. Бұл - өзін-өзі алдау. 2020–2022 жылдары болған жағдай инвестициялық оқиға емес, үш аномалияның: жаһандық жеткізілім тізбегінің үзілуі, ұсыныс тапшылығы және теңгенің күрт әлсіреуінің сәйкес келуі болатын. Көлік актив болғандықтан емес, оны физикалық түрде алатын жер болмағандықтан қымбаттады", - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қазір осы үш фактордың да әсері аяқталды: ұсыныс қалпына келді, қытайлық брендтер нарыққа жаппай кірді, теңге нығайды. Автокөлік өзінің табиғи функциясына оралды - бұл алғашқы күннен бастап құнын жоғалтатын тұтыну тауары.
Бірақ ерекшеліктер де бар..."Кейбір модельдер шынымен де өз құнын өзгелерге қарағанда жақсырақ сақтайды. Бірақ мұнда тұжырым маңызды: олар табыс әкелмейді, жай ғана құнын баяу жоғалтады. Бұл - түбегейлі екі бөлек нәрсе және оларды шатастыру көңіл қалуға алып келетін төте жол", - деп есептейді Андрей Чеботарев.
Жалпы тенденцияға қарамастан, кейбір автокөліктер өз құнын басқаларға қарағанда едәуір жақсы сақтайды.
Қосалқы нарықта қазақстандықтардың ерекше ықыласына бөленген модельдерге сұраныс жоғары:
Toyota Land Cruiser; Toyota Prado; Lexus LX; Lexus GX; Toyota Camry; Mercedes-Benz G-Class.Олардың өтімділігінің сыры тек танымал атауында ғана емес. Жылдар бойғы пайдалану барысында бұл модельдер өздерінің сенімділігін дәлелдеді, сондықтан қосалқы нарықта оларға тұрақты сұраныс бар. Сервистік желілердің дамығандығы, қосалқы бөлшектердің қолжетімділігі және күтіп-ұстау шығындарының болжамдылығы да олардың құнын ұстап тұруға септігін тигізеді.
Қытай көліктері - кейінгі жылдардағы басты мәселе"Нәтижесінде, мұндай автокөліктер, әдетте, бәсекелестерінің көбіне қарағанда баяу арзандайды, дегенмен олар классикалық түсініктегі инвестициялық активке айнала алмайды. Бұл табыс табу туралы емес, керісінше құнын барынша аз жоғалту туралы мәселе туындаған кез. Кейбір коллекциялық автокөліктер уақыт өте келе расымен қымбаттайды, бірақ бұл заңдылықтан гөрі сирек кездесетін жағдай", - дейді Андрей Чеботарев.
Әрине, кейінгі екі жылда қытайлық брендтер Қазақстандағы позициясын айтарлықтай нығайтты.
Алайда олардың инвестициялық тартымдылығын анықтау әзірге қиын. Көптеген модель нарыққа жақында ғана шықты, сондықтан бес немесе жеті жылдық пайдаланудан кейін олардың қалдық құнын объективті бағалау мүмкін емес.
Бұдан бөлек, жаңа автокөліктер бағасының тұрақты өзгеруі қайталама нарықтағы көліктердің құнына тікелей әсер етеді.
Андрей Чеботаревтің пікірінше, дәл осы жерде бүгінгі таңда ең үлкен белгісіздік сақталып отыр.
Инвестиция - бұл тек сатып алу бағасы емес"Механизм қарапайым. Жиынтығы жақсы жаңа қытай көлігі басқа брендтің үш жылдық көлігімен бірдей тұрса, сатып алушы жаңасын таңдайды. Қайталама нарық бәсекеге қабілетті болу үшін бағаны түсіруге мәжбүр.
Бірақ әлі жауабы жоқ ашық сұрақ бар. Қытай автокөліктерінің бес-жеті жылдан кейінгі қалдық құны белгісіз - нарықтағы тарихы тым қысқа, статистика жоқ.
Сонымен қатар қытайлық өндірушілер модельдер қатарын өте жылдам жаңартады, ал модельдің тез ескіруі әрқашан оның қалдық құнына қысым жасайды. Бөлек мәселе - нарықта тұрақтап қала алмауы мүмкін брендтер үшін жеті-он жылдан кейін қосалқы бөлшектер мен сервистің қолжетімділігі", - дейді қаржыгер.
Автокөлік өз құнын жақсы сақтаған күннің өзінде, бұл оның тиімді инвестиция болғанын білдірмейді.
Бирнеше жыл ішінде иесі мыналарды төлейді:
міндетті сақтандыру; КАСКО; техникалық қызмет көрсету; шиналар; жанармай немесе қуаттау; көлік салығы; ықтимал жөндеу жұмыстары.Осы шығындардың барлығы автокөлікке иелік етудің түпкілікті табыстылығын азайтады.
Қайсысы тиімдірек: автокөлік пе, депозит пе әлде доллар ма?Көптеген қазақстандық қомақты қаражат жинаған соң: "Ақшаны сақтап қана қоймай, мүмкіндігінше табыс табу үшін қайда салу керек?" деген сұраққа бас қатырады. Бірі депозитті таңдайды, екіншісі валюта сатып алады, ал үшіншісі көлік бағасы түспейді немесе тіпті қымбаттайды деп есептеп, автокөлік алуды қарастырады.
Бұның қаншалықты негізді екенін түсіну үшін үш сценарийді салыстырып көрейік. Айталық, адамда бір жылға инвестициялауға дайын 20 миллион теңгесі бар делік.
Депозит ашуҰлттық банктің базалық мөлшерлемесі 16,75 пайызға дейін төмендегеннен кейін, ірі банктер жылдық теңгелік депозиттер бойынша 16–18 пайыз деңгейіндегі табыстылықты ұсынуды жалғастырып жатыр.
Тіпті жылдық 16 пайыздық консервативті мөлшерлемені алсақ та, бір жылдан кейін салымшы шамамен 3,2 миллион теңге табыс алады.
Яғни, сома шамамен 23,2 миллион теңгеге дейін артады.
Автокөлік сатып алуЕгер құны 20 миллион теңге тұратын жаңа автокөлік сатып алсаңыз, ол әдетте пайдаланудың алғашқы жылында-ақ құнының бір бөлігін жоғалтады.
Көпшілікке арналған модельдер үшін бағаның төмендеуі әдетте 10–20 пайызды құрайды. Бұл ретте құнын жоғалтуға тіркеу, сақтандыру, техникалық қызмет көрсету, жанармай, шиналар және басқа да пайдалану шығындары қосылады.
Автокөлік өтімді болып, құнының небәрі 10 пайызын жоғалтқан күннің өзінде, оның бір жылдан кейінгі нарықтық құны шамамен 18 миллион теңгені құрайды. Ал әдеттегідей 15 пайыздық амортизация жағдайында - иелік ету шығындарын есептемегенде, шамамен 17 миллион теңге болады.
Доллар сатып алуШетел валютасын сатып алу - жинақтарды сақтаудың танымал тәсілдерінің бірі болып қала береді.
Алайда мұндай инвестицияның табыстылығы толығымен бағамға байланысты. Кейбір жылдары доллар теңгеге шаққанда айтарлықтай нығайса, басқа жылдары арзандауы немесе іс жүзінде өзгермеуі мүмкін. Сондықтан қаржылық нәтижені алдын ала бағалау депозитпен салыстырғанда әлдеқайда қиын.
Андрей Чеботаревтің пікірінше, автокөлікті қаржылық құралдармен салыстыру түптеп келгенде дұрыс емес.
Түйін"Бүгінде теңгелік депозит жылдық шамамен 17–18 пайыз табыс әкеледі. Бұған қоса, белгіленген лимиттер шегінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қорғауы бар. Тәуекел өте төмен.
Автокөлік алғашқы жылы құнының 15–20 пайызын жоғалтады, кейін жыл сайын тағы 8–12 пайызға арзандайды. Бұған сақтандыруды, техникалық қызмет көрсетуді, салықты, жанармай мен тұрақты қосыңыз - сонда 20 миллион теңге сомасы болған жағдайда, бір жылда депозит пен көліктің арасындағы айырмашылық шамамен 5–6 миллион теңгені құрайды.
Көлікті депозитпен салыстыру әдістемелік тұрғыдан дұрыс емес. Депозит - бұл жинақ, ал көлік - тұтыну заты. Егер ол жұмысқа, отбасыға немесе өмір сапасын жақсартуға қажет болса - сатып алыңыз және ақталудың қажеті жоқ. Тек мұны инвестиция деп атамаңыз", - дейді қаржыгер.
Статистикаға сүйенсек, нарық біртіндеп үйреншікті модельге қайта оралып жатыр. Жаңа автокөліктер арзандап, сұраныс ұтымдырақ бола бастады, ал көлікті қайта сатып пайда табу қиындап барады.
Дегенмен, Андрей Чеботаревтың сөзінше, басты қателік автокөліктің инвестиция болудан қалғанында емес, көпшіліктің оны бастапқыда инвестициялық актив ретінде қабылдағанында болып отыр.
Көп жағдайда автокөлік тұтыну тауары болып қала береді, ол міндетті түрде құнын жоғалтады және ұстауға тұрақты шығындарды талап етеді. Ерекше жағдайлар да кездеседі - олар жекелеген коллекциялық модельдер мен қайталама нарықта сұранысы тұрақты жоғары көліктер.
Бірақ олар жалпы ережені растай түседі: көлікті қайта сатып ақша табамын деген үмітпен емес, ең алдымен өмір сүруге қажет болғандықтан сатып алған жөн.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу