Автокөліктерден бастап мобильді аударымдарға дейін: салық қызметі сіз туралы қандай деректер жинайды

06.11.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Қазақстанда бірнеше жылдан бері әртүрлі дереккөздерден салық төлеушілер туралы мәліметтерді біріктіретін Smart Data Finance цифрлық жүйесі дамып келеді. Бұл деректер қалай пайдаланылады, сәйкессіздіктер анықталған жағдайда не болады және цифрлық құжаттамадан қате табылса, қайда жүгіну керек екенін Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.

Smart Data Finance қазақстандықтар туралы қандай деректер жинайды?

Smart Data Finance (SDF) - мемлекеттік ақпараттық жүйелерден, банктерден және басқа да ұйымдардан алынған мәліметтерді біріктіретін Қаржы министрлігінің талдау жүйесі.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, платформа жеке және заңды тұлғалардың цифрлық профильдерін қалыптастырады. Онда жылжымайтын мүлік, автокөліктер, жер учаскелері, бағалы қағаздар, еңбек шарттары, нотариалды іс-әрекеттер, мобильді аударымдар және басқа да қаржылық-экономикалық операциялар туралы ақпарат жинақталған.

SDF - жаңа жүйе емес. Оның кейбір құралдары 2024 жылдың өзінде-ақ пайдаланылған, ал 2025 жылдың қыркүйегінде Қаржы министрлігі салық төлеушілердің цифрлық құжаттамасының мүмкіндіктерін ресми түрде таныстырды.

Биыл ведомство платформаның өнеркәсіптік пайдалану режиміндегі жұмысы туралы хабарлады. Жүйе ондаған дереккөзден мәліметтерді біріктіріп, салық органдарына кірістер, мүлік және қаржылық операциялар туралы ақпаратты талдауға мүмкіндік береді.

Мәліметтерді өңдеу үшін Big Data, жасанды интеллект және машиналық оқыту технологиялары қолданылады. Бұл әртүрлі дереккөздерден алынған ақпаратты салыстыруға және ықтимал салық тәуекелдерін анықтауға мүмкіндік береді.

Қазақстандықтың шығыстары қай кезде салық органдарында күмән тудыруы мүмкін?

Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) жеке тұлғалардың кірістері мен шығыстарын салыстыру камералдық бақылау шеңберінде жүргізілетінін түсіндірді.

Анықтама: Камералдық бақылау - бұл фискалдық органдар салық төлеушіге бармай-ақ, ықтимал бұзушылықтарды немесе сәйкессіздіктерді анықтау үшін салық есептілігі деректерін мемлекеттік базалар мен басқа да дереккөздерден алынған ақпаратпен салыстыратын тексеру түрі.

Салық мамандары декларация мәліметтерін, басқа мемлекеттік органдардың деректерін және өзге де көздерден алынған ақпаратты талдайды. Сонымен қатар Салық кодексінде кірістерді анықтаудың жанама әдісін қарастырады.

Мұндай әдіс, егер декларацияда көрсетілген кірістер мөлшері мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлікті (соның ішінде шетелдегі) сатып алуға жұмсалған шығыстардан аз болған жағдайда қолданылуы мүмкін.

"Мұндай талдаудың мақсаты - салық салынуға жататын, декларацияланбаған кірістерді анықтау. Кірістер мен шығыстар туралы мәліметтерді салыстыру тұрақты негізде жүргізіледі. Сонымен қатар салықтық әкімшілендірудің жанама әдісін қолданудың практикалық пысықтау жұмыстары жалғасып жатыр", - деп хабарлады МКК.

Анықтама: Салықтық әкімшілендірудің жанама әдісі - бұл салық органдары салық төлеушінің нақты кірістерін, мүлкін немесе айналымын ол тікелей ұсынған құжаттар (декларациялар немесе бастапқы есепке алу) бойынша емес, балама белгілер мен жанама дереккөздер бойынша бағалайтын салықтық бақылау тәсілі.

Цифрлық құжаттамадағы қате мәліметтерді қалай түзетуге болады?

Комитет Smart Data Finance жүйесінде мүлік туралы бұрыс мәліметтер болған жағдайда қазақстандықтар не істеуі керектігіне қатысты сұраққа жауап берді. Мұндай жағдайларда тиісті тізілімге жауапты мемлекеттік органға жүгіну қажет.

Мысалы, егер автокөлік туралы қате мәліметтер анықталса, Ішкі істер министрлігіне жүгіну керек, себебі көлік құралдары дәл осы ведомствоның ақпараттық жүйелерінде тіркеледі.

Бастапқы цифрлық жүйеге түзетулер енгізілгеннен кейін Smart Data Finance-тағы деректер келесі күні жаңаруы тиіс.

Smart Data Finance жұмысында іркілістер болды ма?

МКК Smart Data Finance ресми іске қосылған сәттен бастап техникалық іркілістердің, соның ішінде деректерді өңдеудегі қателердің тіркелгенін растады. Алайда, ведомствоның сендіруінше, жүйенің техникалық іркілістеріне байланысты салық төлеушілерге қате хабарлама жіберу жағдайлары тіркелген жоқ. Деректерді өңдеудегі қателер ақпарат салық төлеушілерге жеткенге дейін жойылды, деп сендірді комитеттегілер.

Сондай-ақ МКК-ге e-Otinish арқылы тауарларға арналған декларациялар мен 328.00 салық есептілігі нысандарына қатысты жекелеген өтініштер түскен. Ведомство бұл өтініштердің цифрлық жүйелердегі өзгерістер мен интеграциялық жұмыстарға қатысты болғанын түсіндірді.

Техникалық ақаулар анықталған кезде мамандар себептерін талдап, анықталған сәйкессіздіктерді тексереді және қажет болған жағдайда автоматтандырылған процестерді жетілдіреді.

Тексеру нәтижелері туралы не белгілі?

Сұранысқа берген жауабында МКК Smart Data Finance көмегімен кірістері мен шығыстары арасында сәйкессіздіктер анықталған жеке тұлғалардың саны, сондай-ақ оларға қосымша есептелген салық сомалары бойынша жеке статистиканы ұсынбады.

Сонымен қатар бұған дейін Қаржы министрлігі камералдық бақылау қорытындысы бойынша 322 миллиард теңге салық есептелгенін хабарлаған болатын. Алайда бұл сома тек жеке тұлғалардың табыстары мен шығыстарын салыстыру әдісімен жүргізілген тексеріс нәтижесі ретінде көрсетілмеді.

Бұдан бұрын қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов салық органдарында қазақстандықтардың қымбат сатып алуларына қатысты қандай жағдайларда сұрақтар туындауы мүмкін екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, ресми табыс көзі жоқ адам жылжымайтын мүлік немесе бірнеше автокөлік сатып алған жағдайлар назарға ілігуі мүмкін. Бұл ретте қаражаттың шығу тегі туралы ақпарат талап ету мүмкіндігі заңнамада қарастырылған және ол бұрын да болған.

Тағы оқыңыз: Салық органдары картаға жиі аударым жасалғаны үшін шотты бұғаттай ала ма? МКК жауабы

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью