Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Бірі полис бағасының күрт өскеніне наразы болса, екінші тарап апаттар бойынша төлемнің көбейгенін алға тартады. Нарықтағы түсім өсіп келе жатқанымен, сақтандыру төлемі одан да жылдам қарқынмен ұлғайып барады. Соның салдарынан автосақтандырудың бағасы, оған қосылатын қызметтер мен жүргізушінің тәуекелін есептеу тәртібі бұрынғыдан да өзекті бола түсті.
Бұл қайшылық қазір қарапайым көлік иелерінің күнделікті тәжірибесінен де көріне бастады. Нарықта сақтандыру төлемі көбейіп жатқан тұста кей жүргізушілер полис рәсімдегенде бұрын-соңды болмаған соманы көріп отыр. Солардың бірі өткен айда міндетті автосақтандыруды небәрі 13 мың теңгеге алған. Арада көп уақыт өтпей қолданыстағы полиске жүргізуші куәлігін жақында алған көлік иесін қоспақ болғанда, Halyk қосымшасындағы баға 194 мың теңгеге бір-ақ көтерілген.
Бір айдың ішінде болған мұндай өзгеріс көлік иесін таңғалдырған. Кеше ғана он мыңдап саналған полиске енді жүз мыңдап ақша сұралуының себебі неде? Оның үстіне, бұл жалғыз адамның басындағы жағдай емес. Тағы бір жүргізуші бұрын жылдық сақтандыруға 27 мың теңге төлеп келгенін, ал қазір Halyk қосымшасында 167 мың теңге көрсетілгенін айтады. Себебін білмек болып қолдау қызметіне хабарласқанда, оған брокер арқылы жұмыс істеуге байланысты түсініктеме берілген.
Көлік иелерінің әңгімесіне қарағанда, мәселе полистің қымбаттауымен ғана бітпейді. Кейде жүргізуші төлем жасар алдында экрандағы соманың неден құралғанына да үңілуге мәжбүр. Мәселен, қолданушылардың бірі сақтандыруды рәсімдеу кезінде негізгі полистің жанынан «КАСКО Лайт» пен «Жолдағы көмек» қызметтерін байқаған. Біріншісінің құны – 18 мың, екіншісінікі – 7 мың теңге. Ол екеуінен бас тартқаннан кейін ғана төлем азайған.
«Оны өшіруге болады, бірақ бірден байқамайсың. Артық қызметтердің бәрін алып тастағанда сақтандыру бұрынғы бағасына келеді. Ал жаңадан жүргізуші куәлігін алғандарда «бағаны өзгерту» деген батырма жоқ. Сонда олар сақтандыруға 200 мың теңгеге жуық төлейді, оның сыртында техникалық байқауы мен салығы тағы бар. Көлігің кредитте болса, шығынның үстіне шығын қосылады», – дейді ол.
Дегенмен міндетті сақтандырудың өз бағасы неге бір адамға арзан, екіншісіне қымбат түседі деген әңгіменің төркіні басқа. Мұнда жүргізушінің жасы да, тәжірибесі де, жолдағы жүріс-тұрысы да есепке кіреді. Өйткені Қазақстанда міндетті автосақтандыру үшін барлығына ортақ бір ғана баға белгіленбейді. Fingramota.kz түсіндірмесіне сәйкес, полистің құны бірнеше көрсеткішке тәуелді. Есептің негізінде базалық сақтандыру сыйақысы жатыр, одан кейін көлік пен жүргізушіге қатысты коэффициенттер қолданылады.
Бағаға көлік құралының тіркелген өңірі, жүргізушінің жасы мен жүргізушілік өтілі, көліктің түрі, пайдаланылған мерзімі және сақтандыру тарихы әсер етеді. Жүргізуші өз кінәсінен жол-көлік оқиғасына түспесе, оның сақтандыру класы біртіндеп жоғарылайды және полиске қолданылатын коэффициент тиімді бола түседі. Ал жүргізушінің кінәсінен сақтандыру жағдайы тіркелсе, класс төмендеп, келесі полистің бағасына әсер етуі мүмкін. Басқаша айтқанда, міндетті сақтандыруда көліктің өзі ғана емес, оны басқаратын адамның сақтандыру тарихы да маңызды.
Өңірлік айырмашылықтың болуы да осы тәуекел қағидатына негізделген. Fingramota.kz мәліметінше, 2026 жылы өңірлік коэффициенттерді есептегенде белгілі бір аумақта жасалған сақтандыру шарттарының саны мен сол өңірдегі сақтандыру жағдайлары ескеріледі. Яғни жол апаты жиі тіркелетін өңір мен сақтандыру жағдайы аз аймақтағы бірдей жүргізушілердің полис құны сәйкес келмеуі мүмкін.
Бағаның бағамы біркелкі
Нарықтағы нақты бағаларды салыстырған Ranking.kz зерттеуі де қызық нәтиже көрсетеді. 2026 жылғы шілдеде басылым Алматыда тұратын, сақтандырудың 13-класына ие, көлігі жеті жылдан аспаған жүргізуші үшін бірнеше ірі компаниядағы міндетті автосақтандыру бағасын тексерген. «Евразияда» полис 19,8 мың теңге шамасында болса, Halyk Insurance, Alatau City Garant және «НОМАД Иншуранста» 19,9 мың теңге болған. Осы төрт сақтандырушы арасындағы айырмашылық небәрі 51 теңгені құраған.
Ranking.kz салыстырған бағаларға қарасақ, қалыпты сақтандыру тарихы бар жүргізуші үшін ірі компаниялардың ұсыныстары шамалас. Яғни полис құнының бірден жүз мың теңгеден асып кетуін тек компаниялардың тариф айырмасымен түсіндіру қиын. Мұндайда бағаны өсірген себепті жүргізушінің өз деректерінен де, полиспен бірге ұсынылған өзге қызметтерден де іздеуге тура келеді.
Freedom Finance Insurance-тегі есеп өзгеше болған. Мұнда жүргізушіге 23,7 мың теңге төлеу ұсынылған. Ranking.kz мәліметінше, соның 4 мың теңгесі сақтандырудың өзіне емес, брокердің қызметіне тиесілі болған.
Halyk Insurance компаниясының түсіндіруінше, сақтандыру брокері – сақтанушының мүддесінде әрекет ететін және сақтандыру компаниясынан тәуелсіз делдал.
«Сақтандыру брокері – клиент пен сақтандыру компаниялары арасындағы тәуелсіз делдал. Оның негізгі міндеті – сақтанушының мүддесін қорғай отырып, клиент үшін неғұрлым тиімді әрі қолайлы сақтандыру шарттарын таңдау. Брокер өз қызметін шарт негізінде көрсетеді және сол қызметі үшін сыйақы алуға құқылы. Бұл ретте сақтандыру компаниясы брокер комиссиясының мөлшерін белгілеуге қатыспайды», – деп түсіндірді Halyk Insurance.
Fingramota.kz түсіндірмесіне сәйкес, міндетті сақтандырудың негізгі мақсаты – жүргізушінің кінәсінен жол апаты болған жағдайда зардап шеккен тарапқа келтірілген зиянды өтеу. Ал КАСКО – ерікті сақтандыру өнімі және ол көлік иесінің өзінің автомобиліне қатысты тәуекелдерді қамтиды. Сондықтан КАСКО алу сақтандыру полисін рәсімдеудің міндетті шарты емес.
Міндетті автосақтандырудың бағасына жүргізуші тұрғысынан қарасақ, басты мәселе – полистің қолжетімділігі. Ал сақтандыру компаниялары үшін негізгі көрсеткіштердің бірі – жиналған сыйақы мен сақтандыру жағдайлары бойынша жасалған төлемнің арақатынасы. Соңғы жылдардағы статистика осы екі көрсеткіш арасындағы алшақтықтың қысқарып келе жатқанын байқатады.
Қаржы бар, қарымы қандай?
Ranking.kz дерегінше, 2026 жылдың қаңтар-мамырында сақтандыру компаниялары міндетті сақтандыру бойынша 64,7 млрд теңге сыйлықақы жинаған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 17,2%-ға көп. Бірақ осы кезеңдегі сақтандыру төлемдері одан да жылдам 18,7%-ға өсіп, 50,2 млрд теңгеге жеткен.
Нәтижесінде, төлемдердің сыйақыларға арақатынасы 77,6%-ды құрады. Қарапайым есеппен айтқанда, сақтандырушылар жүргізушілерден жинаған әр 100 теңгенің шамамен 78 теңгесін сақтандыру жағдайлары бойынша қайта төлеген. Оның үстіне, бұл есепке компаниялардың барлық операциялық шығындары кірмейді.
Бұл бір жылдың ғана көрінісі емес. 2025 жылы міндетті сақтандыру бойынша жиналған сыйлыақы 136,8 млрд теңгеге жетіп, 17,3%-ға өскен. Ал төлемдер бірден 32,3%-ға артып, 105,9 млрд теңгені құраған. Соның салдарынан төлемдердің сыйақыларға арақатынасы 2024 жылғы 68,6%-дан 2025 жылы 77,4%-ға көтерілген.
Ұзақмерзімді динамика одан да айқын. Ranking.kz есебіне сәйкес, 2019 жылмен салыстырғанда жиналған автополис сыйақылары 78,4%-ға өскен, ал сақтандыру төлемдерінің көлемі 3,6 есе көбейген. 2019 жылы төлемдердің сыйлықақыларға арақатынасы 38,7% болса, 2025 жылы 77,4%-ға жеткен.
Автосақтандыруды алда не күтіп тұр?
Сақтандыру компаниялары үшін ендігі мәселе – жүргізушінің жолда қаншалықты тәуекел тудыратынын дәлірек есептеу. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мақсатқа арналған OGPO Insurance Scoring Dataset деректер қорын ашық қолданысқа шығарды. Оның көмегімен мамандар жүргізушінің жол апатына түсу ықтималдығын бағалайтын модельдер әзірлей алады.
Агенттік жаңа тәсіл тәуекелі жоғары және тәртіпті жүргізушілердің арасын дәлірек ажыратуға мүмкіндік береді деп есептейді.
«Жүйе жол-көлік оқиғасы тәуекелін әділ бағалауға және клиенттік базаны сақтай отырып, портфель бойынша төлем коэффициентін қалыпты деңгейде ұстауға көмектесетін модельдерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл әділдік қағидатына негізделген: сыйақыны көтеру тәуекелі жоғары жүргізушілерге ғана қарастырылған, ал жол ережесіне сақ жүргізушілер үшін сақтандыру шығындарын бұрынғы деңгейде қалады немесе тіпті азаюы мүмкін», – делінген Агенттік мәлімдемесінде.
Яғни жол апатына жиі себеп болатын жүргізуші көбірек, ал жылдар бойы апатсыз жүрген адам азырақ төлеуі мүмкін. Қазірдің өзінде міндетті автосақтандыруда осы қағидаға құрылған «бонус-малус» жүйесі бар. Жаңа деректер қоры тәуекелді бұдан да дәлірек бағалауға жол ашады.
Жүргізуші үшін ең маңыздысы – не үшін көбірек төлеп отырғанын түсіну. Баға апат тарихына, тәжірибесіне байланысты өсті ме, әлде полиске басқа қызметтер қосылды ма – мұның бәрі анық көрінуі керек. Ал жаңа скорингтің қарапайым көлік иесінің төлейтін ақшасына нақты қалай әсер ететіні әзірге белгісіз.
Кәмила ДҮЙСЕН